Иманбаева әншілердің "чатында" не талқыланатынын айтты

11 Тамыз 2020, 16:08
3374
Бөлісу:
Иманбаева әншілердің "чатында" не талқыланатынын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әнші, актриса Айгүл Иманбаева әншілердің "чатында" не айтылып, не талқыланатыны туралы "Желмая" жобасында айтып берді.

Пандемия кезінде эстрадалық ән өнерінде жүрген әншілердің көбі абдырап қалды. Жасыратыны жоқ, көп әншілер той-томалақта нәпақа табады. Сол себепті де көп әнші "отырып" қалды. Сондықтан толыққанды мамандықты алған дұрыс деп ойлаймын. Бұл өнерпаздың кәсіби деңгейін де байқатады. "Әншілердің авторлық қоғамы" дейтін "чат" бар. Қайырымдылыққа келген кезде жұмыла кететін ауызбіршілік бар. "Чаттағы" әңгіме көп жағдайда авторлық қоғамға қатысты болады. Ол жердегі басшымыз – Мейрамбек Беспаев. Ауызбіршілік бар. Бірақ жеме-жемге келгенде бәрібір әркім өз үшін жауап береді, - деді ол. 

Иманбаева елдің басында болып жатқан әртүрлі кезең толғандыратынын айтты. 

Өзімнің ішімдегі ақиқатым бар. Өнердегі өзінің ізін салып келе жатқан қыз-жігіттердің айтқан сөзі мен жасаған ісі қоғамдық пікір тудырады. Қазір тобырлық мәдениеттің шарықтап тұрған кезі. Блогерлер-жұлдыз, мысалы. Тобырлық мәдениет дамып тұрған қоғамда көзі ашық, көкірегі ояу тұлға ретінде әлеуметтік желіде бірдеңені айта салудың өзі кейбір жерде дұрыс емес. Өйткені ол үлкен пікірталас тудырып жіберуі мүмкін. Сол себепті шындығың, ақиқатың болғанда да нақты дәлелдер керек, - деді ол. 

Әнші атап өткендей, өнерпаздар өнері арқылы қоғамға үлес қосуы керек. 

Әсіресе, театр әртістері келген көрерменге ақыл айтпайды, тек ой тастайды. Әр адам өзін көріп кетуі мүмкін, көрген шығармасынан ой түйіп кетуі мүмкін. Қазіргі таңда мені ұлттың келешегі, болашағы, тіл мен рухы мазалайды. Рухсыз, жанында, жүрегінде титтей де рухы жоқ жастарды көргенде жүрегім қан жылайды. Қазір білімнен де, мүмкіндіктен де ешқандай шектеу жоқ. Осының барлығы рухтың өлгендігінен, отбасында рухты тәрбиелеу керек, - деді Иманбаева. 

Айгүл Иманбаева тойдағы әртістер туралы айтты. 

Той-томалақта кешке дейін сақалын сапситып тойды жүргізгеннен кейін не қадір болады? Жалпы, актер деген қауымға құрмет жоғалады. Қолжетімді болып тұрады. Басқа елдерде олай емес. Мен Ресейге театрға көп барамын. Миронов, Безруков, Хаматоваларды бетпе-бет көре алмай кетеміз. Гүл апарғанның өзінде де сахнаға шығармай, алдынан ғана беріп, құрмет көрсетесің. Бұл Қазақстанда да қалыптасып келе жатыр, - деді ол. 

Иманбаева карантин кезінде театр, кино, концерт болмай жатқанын айтты. 

Халық мәдениет жағынан тоқырауға ұшырауы мүмкін. Қазір әлеуметтік желіде "той керек емес, әртістің өнері керек емес" деп айту белең алды. Онымен келіспеймін, себебі мәдениетсіз, өнерсіз ұлт та, мемлекет те болмайды. Осындай кезеңдік сынаққа тап болған шығармыз. Бірақ "мүлдем керегі жоқ" дегенмен мен келіспеймін, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы