Ілкімді жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз – «Жас Отан» жастар қанатының төрайымы

28 Қаңтар 2019, 17:24
2637
Бөлісу:
Ілкімді жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз – «Жас Отан» жастар қанатының төрайымы

Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Жастар жылы Ертіс өңіріндегі «Нұр Отан» партиясы «Жастар қанатының» белсенді мүшелері креативті идеяларын жүзеге асырмақ. Еліміздегі ең ірі жастар құрылымының өкілдері жоспарларымен агенттік тілшісімен бөлісті.

Павлодарлық жасотандықтар Жастар жылы ірі жеті жоба әзірлеп, 20-дан астам іс-шара ұйымдастырмақ. Бұл туралы аймақтағы «Жас Отан» жастар қанатының төрайымы Санира Жүсіпова мәлімдеді.

«2019 – қоғам үшін маңызды деген жобаларды жүзеге асырудың маңызды жылы. Бүгінде жасотандықтардың қатары мыңдап саналады. Бұл – біздің қозғалыс үшін зор жетістік. Елбасымыз бізге, белсенді жас азаматтарға зор үміт артуда. Қоржынымызда креативті, бұрын-соңды болмаған жобаларымыз бар. Олардың барлығын табысты жүзеге асыруға дайынбыз», - дейді Санира Жүсіпова.

Айта кетейік, қазіргі таңда Павлодар облысының 32%-ын 14-29 жас аралығындағы азаматтар құрайды. Бұл – 163 мыңнан астам халық деген сөз. Осы санаттағы 13 мыңнан астам азамат «Жас Отан» қанатының мүшелері. Олардың қатарында мемлекеттік қызметшілер, жұмысшы, шығармашыл жастар бар.

«Ал 100-ден астам азамат ұйымның негізгі мүшелері. Яғни, жобаларды жүзеге асырып, бұл іске барын салғандар – менің әріптестерім. Ірі деген жобаларға тоқталып өтейін: нақты бағыт-бағдар анықтау мақсатынды былтырғы жылдың соңында қала-аудандарды аралап, жастармен жүздестік. Кездесулер барысында жастарды алаңдатқан мәселелер мен қызықтырған дүнилерені қатысты ойларын айтты. Бір сөзбен айтқанда, ауыл жастарының белсенділігі қалалықтардан асып түспесе, кем еместігіне көзіміз жетті», - дейді Санира Жүсіпова.

Айта кетерлігі, Жастар жылы Ертіс өңірінде Bilim ortalyǵy атты коворкинг орталығы ашылды. Бұл елімізде өндіріс ошағы, яғни Павлодар мұнай-химия зауытының жанынан ашылған алғашқы орталық. Жұмысшы жастар үшін ғылыми тәжірибемен бөлісуге арналған алаңды ашуға «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері мұрындық болды. Осы тектес орындар еліміз бойынша білім беру, мәдени ошақтары мен әскери бөлімдерінің жанында да жұмыс істеп тұр. Бүгінде олардың саны 30-ға жеткен.

«Бүгінде аймақтың өнеркәсіп нысандарында бес мыңға жуық жас азамат еңбек етеді. Павлодар мұнай-химия зауытында 29 жасқа дейінгі 500-ге жуық маман жұмыс істейді. Бұл мұнайшылар қауымының 32%-ы. Болашақта бұл орталықта маңызды кездесулер мен семинар-тренингтер ұйымдастырылады», - дейді Санира Жүсіпова.

Жалпы, биыл Жастар жылы шеңберінде облыс бойынша 500-ге жуық шара қолға алынбақ.

Ақмаржан Әділбек

Фото – Санира Жүсіпованың жеке мұрағатынан

 

Өзгелердің жаңалығы