Ілияс Ахметов жайында не білеміз?

31 Наурыз 2020, 17:45
3287
Бөлісу:
Ілияс Ахметов жайында не білеміз?
PHOTO

Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. "Алаш қайраткерлері кешкісін Ілияс Ахметовтің үйіне жиналды. Қуғын-сүргін тықыры таянған шақ. Түнерген бұлттар арасынан жылт еткен күзгі күннің жылуындай қуаныш көңілдегі кірбіңді сәл сейілткендей. Төрде – Ахмет Байтұрсынов, қос қанатында – Бейімбет Майлин, Смағұл Сәдуақасов, Мағжан Жұмабаев және басқалар. Өмірге келген періштеге тілек тілеп, лайықты есім беру жайын ақылдасуда. Бірнеше ұсыныс айтылды. Бәрі бір ауыздан Фарабиге тоқтады".

Бұл оқиға 1936 жылы Петропавл қаласында болған еді. Белгілі қоғам қайраткері, ағартушы ғалым Ілияс Ахметовтің үйінде екі қыздан кейін ат ұстар өмір есігін ашып, алаш қайраткерлері құтты болсын айта келген сәт. Аталмыш оқиғаны Ілиястың жары Күлшара көзі тірісінде балаларына, соның ішінде ұлы Фарабиге үнемі айтып отыратын. Алайда бала Фараби өз есімінің түпкі мағынасын және кімнің құрметіне қойылғанын білмей өсті, білмеді емес, озбыр саясат білдіртпеді деген жөн болар. Шығыста әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидей ғұлама өмір сүргені жайлы өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бері ғана ашық айтыла бастады ғой. Осы тұста батыс пен шығыстың ғылымын бірдей меңгерген алашордашылардың көкірек көкжиегінің кеңдігіне таңданбау мүмкін емес.

WhatsApp Image 2020-03-31 at 17.40.20.jpeg

Алаштың сүт бетіндегі қаймағын жинап, қонақ қылып отырған Ілияс Ахметов кім деген сұрақ туындайды. Бәрін басынан баяндайық, ол 1897 жылы Қарағанды облысы Шет ауданындағы 4-ші ауылда дүние есігін ашқан. Әкесі Ахмет Соқырұлы ел арасында "үлкен молда" атанған сыйлы адам еді. Ілияс сол кездегі көптеген қазақ оқығандары сияқты сауатын медреседе ашқан, нақтырақ осы күнгі Мойынты стансасына жақын Шалтас деген жерде оқыған. Бұл медресенің іргетасын Аталықтың Ысқағы деген адам қалаған екен. Ол тіпті Сауд Арабиясына дейін барып, білім алған, елге оралып, дін жолында қызмет еткен сол замандағы Арқадағы құрметті адамдардың қатарынан саналған.

Молданың оқытқаны аздық еткендіктен Ілияс Семейдегі екі жылдық педагогикалық курста оқып, оны 1919 жылы тамыздың 3-де тамамдап шығады да, қазақ мектептерінің бастауыш сыныптарына дәріс беруге мүмкіндік алады. Үш жылдай бала оқытқан жас жігіт 1921 жылы Мәскеуге жол тартады. Сол кездегі алып империя астанасындағы Н.Н.Нариманов атындағы Шығыштану институтының Қиыршығыс факультетіне (жапон секторына) оқуға түсіп, оны 1926 жылы бітіріп шығады.

WhatsApp Image 2020-03-31 at 17.40.22 (1).jpeg

Жоғары оқу орнында оқи жүріп, отбасын құрады. Бұл жайлы Қазақстан Жазушылар одағы жанынан шығатын "Простор" журналында 2018 жылы басылған "Судьба" атты естелік әңгімеде Фараби Ахметов: "Сол кездің салты бойынша Күлшара бір байдың баласына атастырылып қойған еді. Қалың малы да төленген. Бірақ Шибанның ерке қызы Мәскеуден жазғы демалысқа келген, көрші ауылда тұратын Ілияспен көңіл жарастырады. Әкесі оның оқыған жігіт екенін, болашақта ғалым болатынын сұрап біледі, бірақ ата салттан аттай алмайды. Сол себепті Күлшара қашып кетуді ұйғарады. Осылайша екі жас атқа қонады", – деп жазады. Арттарынан қуғыншылар жіберіліп, жастарды қуып жеткенімен, қос ғашықты айыруға дәттері бармай, көрмеген кейіп танытып кері қайтады. Әкесі де ашуы қайтқан соң байдан алған малын қайтарып, балаларына ақ батасын берген екен.

Ілияс институтта оқи жүріп, "Еңбекші қазақ" (қазіргі "Егемен Қазақстан") газетіне мақалалар жазып, басылымның Мәскеу және Орынбор қалалары бойынша тілшісі қызметін атқарады. Оқуын аяқтаған соң еңбек жолын осы басылымда жалғастырып, 1928 жылдың мамырына дейін түрлі бөлімдерде жұмыс істейді. Басылымның 1926 жылғы 1000-шы санында жарияланған мақалада ол газеттің қазақ қоғамындағы рөліне кеңінен тоқталады. "Газет – жұрттың айнасы" дейтін сөз бар ғой. Бұдан жұрт газетке қарайды да, қисығын түзетеді деген мән ұғылады. Біздің газетіміз – "Еңбекші қаза". "Еңбекші қазақ" газеті – үкімет тілі, еңбекшілердің тілі, – дей келіп басылым жазбайтын, айтпайтын сөз жоқ, қандай жасырын сыр болса да ашып беруге дайын екенін жеткізеді. – Тарих қазақтың жері болғанын біледі. Азияның бел омыртқасындай жоталанып созылып жатқан Алтай, Тарбағатай, Алатауын, ен даласын, оймыш-оймыш құмын, Ертісін, Сырын, балқашын, Аралын біледі. Осы араларда бет-бетімен тіршілік етіп келген момын елін ғана біледі. Сол бытыраумен жүріп қазақ елі хандық дәуірді де, патшалық дәуірді де басынан кешірді. Қазақ даласына октябрь сәулесі түскеннен кейін қазақ еңбекшілері жұрт қатарлы ел болып отыр", – деп түйіндейді.

Ілияс Ахметовтің "Еңбекші қазақ" газетінде қызмет етуіне институтта бірге оқыған, кейін осы басылымның редакторы болған Смағұл Сәдуақасовпен таныстығы да әсер еткен болуы тиіс. 2004 жылы осы басылымда Смағұл Сәдуақасов туралы Тілекқабыл Боранғалиұлының "Тағы да Смағұлдың жігіттері" атты мақала мен ұжымдық фотосурет жарияланды. Сол суретте екінші қатарда оң жатқан екінші отырған Ілияс Ахметов екені айтылады. Бұл басылымда Ахметов деген фамилиямен 11 адам еңбек еткен екен. Солардың арасында Ілияс Ахметовтің шоқтығы биік. Құжатта оның ақпараттар бөлімінің меңгерушісі болғаны көрсетілген.

Алаш қайраткерінің басылымдағы еңбек жолы ұзаққа созылмады. 1930 жылы тұтқындалып, қылмысы дәлелденбегендіктен көп ұзамай бостандыққа шығады. Сондағы тағылған айып – газет тілшілерінің өзара елдегі аштықтың жайын талқылап, азық-түлік өндірісінің мүшкіл жағдайын сөз етуі. Бұл әңгімені біреулер жоғарыға сыбырлағаны анық. Осы уақыттан Ахметовтің артынан аңду басталғанын аңғарамыз. Сол себептен қызмет орнын да жиі ауыстырып отыруға мәжбүр болған. 1931-1933 жылдары Ахмет Байтұрсыновтың ұсынысымен Ташкент қаласындағы қазпедтехникумда, ал 1934-1936 жылдар аралығында Алматы қаласындағы кітапханада жұмыс істейді. Ағартушы ғалым өзінің "Қазақ тіліне тиісті деректер" деген еңбегін де осы уақытта жазған. Сол заманда қазақ елінің тарихы мен "қазақ" сөзінің төркінін зерделеу аса қажет болғаны анық. Автор көп ізденіп, тапқан материалдарын кітап қылып бастырған. Бұл кітаптың құндылығы туралы филология ғылымының докторы Ә.Қалиұлы мынадай пікір білдіреді: "Мұхамеджан Тынышбайұлының, Чулочниковтың, Құрбанғалиұлының, татардың ұлы ғалымы Маржани, Левшин, Хайдар Рашиди, Әбілғазы, Бабыр, мұмылман ғалымдары Ибн Халдун, Масуди, Әбулпида мен Худуд әл-Ғалам және басқалардың жазбаларынан дәлелдер келтірген. Парсы, түрік елдері туралы ескі мағлұматтар мен "қазақ" сөзі туралы қытай тарихындағы мағлұматтарға тоқталған. Геродот, Птолемей еңбектерінен де қазақ сөзіне қатысты дерексөздерін тапқаны байқалады".

Оқырмандарға жеткен екінші еңбегі – "Ахуал қиямет". "Алаш мұрасы" сериясымен 2005 жылы кітап болып басылып шықты. Бұл шығармадан Ілияс Ахметұлының өзі жазып қана қоймай, ел арасындағы ақын-жыраулар мен ғалымдардың жазғандарын жинап жүргендігін көреміз. Соның бірі – "Ахуал қиямет" (қияметтің жағдайы). Шәді Жәңгірұлы деген ақынның шығармасы деп көрсетілген бұл дастанды қағаз бетіне түсіріп, көзінің қарашығындай сақтаған Ілияс Ахметов.

Алаш қайраткері Ташкентте еңбек етіп жүрген кезде, яғни 1932 жылы мектеп оқушыларына арналған "География" оқулығын жазып шығарады. Бастауыш және жетіжылдық мектептерге арналған бұл оқулық кезінде қай жағынан да білім беру талаптарына сай келетін тамаша оқу құралы болған көрінеді.

Мақаланың аңдатпасын алашордашылардың Петропавлдағы басқосуынан бастап едік қой. Оның теріскейдегі шаһарға келуінің негізгі себептерінің бірі де сол соңынан қалмай қойған тыңшылар, мезгілсіз тергеулер болған сияқты. Бірақ ол мұнда да бой тасалаумен ғана жүрген жоқ. Жергілікті техникумда жастарға дәріс оқыды. Басқа да еңбектер жазуы мүмкін, бірақ тұтқындалған кезде бәрі жойылған. Осылайша, Қарағандыда туып, Мәскеуде оқыған алаш арысының соңғы демі солтүстіктікте таусылды. Облыстық ішкі істер департаментінің мұрағатындағы "құпия" деген жазуы бар қылмыстық іс-қағаздарында Ілияс Ахметовтің 1938 жылы түнгі сағат 23-00-де атылғаны жазылыпты. Тергеу құжаттарында: "Ахметов 1917 жылы Семей қаласында тұрған кезде жапон барлау қызметінің тыңшысы Бөкейханов басқаратын "Алаш орда" ұлттық партиясының құрамына кірген. Азаматтық соғыс кезінде Кеңес өкіметіне қарсы үгіт жүргізіп, "Алаш орда" жасағын құру үшін қаржы жинады және 1918 жылы өз еркімен осы "Алаш орда" жазалау жасағының құрамына кірді. 1924-1936 жылдары Жапон барлау қызметінің агенті Смағұл Сәдуақасов, Ғаббас Тоғжанов және Жүргеневпен ауыз жаласып, солар арқылы құпия мәліметтерді хабарлап отырған" деген айыптаулар бар. Және айыптау парағының әр бетінің астына кінәсін толық мойындағандығы туралы жазғызып, қолын қойғызған.

Өкінішке қарай, қылмыстық іс құжаттарының барлық беттерін оқу мүмкін болмады. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының жазықсыз жазаланғаны анықталып, әлдеқашан ақталғанымен "құпия" деген жалғыз жазудың күшін жою туралы біздің елде әлі заң шыққан жоқ. Оның себебін "Память" қоғамдық қорының басшысы, қуғын-сүргін құрбанының баласы Болат Сағындықов былай түсіндіреді: "Мыңдаған боздағымыз кінәсіз атылып кетті. Оларды сырттан біреулер келіп атқан жоқ. Домалақ арыз жазғандар да, жазықсыз жаза кесіп, жандарын алғандар да өзіміздің азаматтар. Яғни, атылғандардың да, атқандардың да ұрпағы бар. Солар бір-бірімен қырылып қалуы мүмкін деген желеумен құжаттардан құпиялылық әлі алынбай отыр. Ал көрші Ресейде арнайы заң шықты, ешбір құпия жоқ, бәрі ашық. Біз де соған келуіміз керек".

Ілияс Ахметовтің кіндігінен екі қыз бен бір ұл тарағаны туралы жоғарыда дерек келтірдік. Тұңғышы Нұрлығайын дүниеден өткен. Тар қапаста отырған сәтте өмір есігін ашқан екінші қызының есімін Азат қоюының астарынан бостандықты аңсау, өзіне ғана емес еліне егемендік тілегені аңғарылады. Медицина ғылымының докторы, профессор атанған Азат Ілиясқызы қазіргі таңда Алматыда тұрып жатыр. Онкология саласының білікті маман жасы сексеннен асса да еңбектен қол үзбеген, әсіресе, ота жасау кезінде жас дәрігерлерге ақыл-кеңесін айтып отырады. Ал Петропавлда туған Фарабидің есімін кімдер қойғанын жаздық. Техника саласын таңдаған ол зейнетке шыққаннан кейін әкесінің мұрасын жинап, кітап қылып бастыру, естелік әңгімелер жазуды қолға алған. Қазіргі таңда елордада тұрып жатыр.

Жақында Петропавлға алаш қайраткерінің қызы Азат Ілиясқызы келді. Әкесінің мәңгілік мекенін тапқан орнын көру өмірлік арманы екенін, сол сәт енді туғанын айтқан ол алдымен саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш пен боздақтардың есімдері жазылған тақтаға аялдады. "Әкемнің сүйегі осы өңірде жатыр. Сол себепті бұл топырақ мен үшін қымбат. Әкем жүрген көшелермен жүріп, ауасын жұтқым келді. Сол күн бүгін туып отыр", – деген ол 8 мың адамның есімі жазылған тақтадан өз әкесінің аты-жөнін тапқан кезде көз жасына ерік берді. Анасын ертіп жүрген қызы Гауһар да, жанында тұрған біздер де тоқтатуға тырыспадық. Қара тақтадағы жазуға ұзақ қарап тұрған оның көз алдына әкесінің бейнесі келгендей болды. Ілияс Ахметұлы атылған кезде ол бес жастағы қыз еді. Одан кейінгі өмірі де көз алдынан зымырап өтіп жатты. Марқұм анасы балаларын алып, Алматы облысының түкпіріндегі бір ауылдағы рулас туыстарды паналады. "Халық жауының" баласы деп түртпектетпеу үшін фамилияларын да өзгертіп, өзінің тегін берді. Бұл оқиға 1958 жылға дейін жалғасқаны есінде. Дәл осы жылы өзге де алаш қайраткерлерімен бірге Ілияс Ахметов ақталғаны кешегідей көз алдында. Амалсыздан нағашы атасының атын алып, Шибанов болып келген Фараби тегін Ахметов қылып өзгертіп, әкесінің есімін қайта жаңғыртып еді.

WhatsApp Image 2020-03-31 at 17.40.22.jpeg

Пушкин және Сүтішев көшелерінің қиылысындағы саяси қуғын-сүргін ескерткішінің орнында ертеректе НКВД-дың ғимараты тұрған. Жазықтыз жала жабылғандар сол екі қабат үйде тергеліп, сол жерде атылған. Қараңғы түскен кезде мәйіттер жүк көлігіне тиеліп, қала шетінде алдын ала қазылып қойған үлкен шұңқырларға көміледі екен. Болжам бойынша, бұл – Қарғалы аралына бара жатқанда оң жақ қолда ағып жатқан Есіл өзенінің жағасындағы ел арасында "Пороховое" атанып кеткен жер. Бұл мәліметті жазалаушы органда қызмет еткен Егоров деген көзі тірісінде айтып кеткен екен. Азат Ілиясқызы сол жерге де барып, бет орамалына бір уыс топырақ түйіп алды. Бұл топырақты Алматыда жерленген анасының зиратына апарып салмақшы ойы бар екен.

Мақаламызды мына бір жайтпен аяқтауды жөн көрдік. Алаш ардақтыларының көбіне, соның ішінде Ілияс Ахметовке де атын естігені болмаса, өмірінде табаны тиіп көрмеген Жапонияның шпионы деген жала жабылғаны белгілі. Бұны қылмыстық іс құжаттарынан анық көруге болады. Әлемдегі көшбасшы мемлекет, жаңа технологиялардың отанына айналған күншығыс еліне алаш қайраткері бармаса да, бүгінде немересі Дәурен Фарабиұлы топырағын басып жүр. Жапон жастарына дәріс оқиды. Шөберелері де сол елдегі белді оқу орындарында білім алып, еңбек етуде.

Өзгелердің жаңалығы