ІІМ су тасқыны туралы: Жағдай тұрақты

1 Сәуір 2019, 12:56
2918
Бөлісу:
ІІМ су тасқыны туралы: Жағдай тұрақты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында өңірлердегі су тасқынына қатысты жағдайды баяндады. 

"Бірқатар аймақтарда жаңбыр молынан жауғанымен, су басу қаупі жағдайы тұрақты. Дәл қазіргі уақытта елді мекендерді су басу қаупі жоқ. Талдау жұмыстарына сүйенсек, Түркістан, Жамбыл облыстары өткен аптада, дәлірек айтқанда демалыс күндері дайындық күйіне келтіріліп, қосымша бөлімшелер жіберілді. Ақмола, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарына топтардың жұмысын күшейту үшін орталық құтқару жасағының қызметкерлері жөнелтілді", - деді Ильин. 

ІІМ басшысың орынбасары Ақмола облысындағы ағынды су бұзып кеткен Кенесары бөгетінің жағдайын баяндады. Бөгеттегі гидротехникалық құрылыстың төлқұжатында сыйымдылық көлемі 500 мың текше метр деп көрсетілген. Бөгеттен тасып аққан су Хан өзеніне барып құйған. Ал Хан өзені судың басым бөлігін қабылдап, Иванов су қоймасын жарылып кетуден сақтап тұр. Иванов су қоймасының маңында Иваново елді мекені мен Көкшетау қаласында қазіргі уақытта су басу қаупі жоқ. Өзеннің тұрақталған арнасы аталмыш аумақпен судың ағып кетуіне жағдай туғызып отыр. 

Сондай-ақ, вице-министр министрліктің Солтүстік Қазақстандағы Сілеті су қоймасына ерекше назар аударатынын айтты. 

"Демалыс күндері ауа температурасының көтерілуіне байланысты су қоймасына су қалыптан тыс көп ағып келіп жатыр. СҚО аумағындағы бірқатар елді мекенде белгілі бір қауіп бар. Бүгінде күшейтілген топтар екі елді мекен бойынша жұмыс жүргізіп, эвакуацияланатын қауіпсіз жерлер белгіленіп жатыр" - дейді вице-министр.

  ІІМ орынбасары Қарағанды облысындағы жағдай туралы да айтып берді. 

"Қардың жылдам еруінің салдарынан бірқатар автокөлік жолдарын су басты. Алайда, тұрғын үйлерді су басқан жоқ. Қазіргі таңда жағдай тұрақты. Нұра өзені бассейні бойынша суды жіберу қуаттылығы секундына 600 текше метрді құрайды. Бұрын қолға алынған жұмыстарды есептей отырып, су деңгейі миллион текше метрге дейін жетсе де, тұрғылықты елді мекендердің жағдайына қауіп туғызбайтынын айта аламыз", - деп сөзін түйіндеді ол.
Өзгелердің жаңалығы