Бас жаңалықтар
ҚР ІІМ тұрғындардан заңсыз сақталған қару-жарақты сатып алу бойынша үндеу жасады
09 Сәуiр 2019, 17:11 497

ҚР ІІМ тұрғындардан заңсыз сақталған қару-жарақты сатып алу бойынша үндеу жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ішкі істер министрлігі халықта заңсыз сақталған атыс қаруы, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша кезекті акция өткізілетіні туралы Қазақстан Республикасының азаматтарына үндеу жасады. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

"Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атыс қаруы мен жарылғыш заттарды қолдана отырып жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ағымдағы жылғы 10 сәуірден бастап республика аумағында халықта заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша кезекті акция өткізіледі", - делінген үндеуде.

Бұл іс-шара Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы №266 бұйрығымен бекітілген Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәріні және жарылғыш заттарды азаматтардың ерікті түрде өтемді тапсыру қағидаларына сәйкес жүргізілетін болады.

Қару-жарақ заттарын ерікті түрде тапсырғаны үшін республикалық бюджеттен қарудың әр бірлігіне оның техникалық жай-күйіне байланысты сомасы оннан жүзге дейінгі айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлем көзделген.

Атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды қабылдау әрбір аумақтық полиция органдарында жүргізілетін болады.

Ішкі істер министрлігі жарақат алудың алдын алу мақсатында табылған жарылғыш материалдармен және оқ-дәрілермен ешқандай іс-әрекет жасамауды, оларды тасымалдауға әрекет етпеуді, тек полицияның кез-келген бөлімшесіне, 102 не 112 телефон нөмірлеріне хабарлауды сұрайды.

Ерікті түрде тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды тапсырған адамдар қылмыстық және әкімшілік жауапкершікке тартылудан босатылады.

ІІМ өткізілетін акцияға тұрғындардың қолдау көрсетіп, оған белсене қатысатындығына сенім білдіреді.

Загрузка...