ІІМ Bek Air ұшағы апатының үш себебін атады

30 Желтоқсан 2019, 10:28
6022
Бөлісу:
ІІМ Bek Air ұшағы апатының үш себебін атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Bek Air ұшақ апатының үш себебін атады. 

Қазір ІІМ іздеу тобы Алматыда болған әуе апатына қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Апатқа үш түрлі себеп қарастырылып жатыр. Біріншісі, экипаждың қателігі. Екіншісі, борттың техникалық ақауы. Үшіншісі, навигациялық топтың жұмысы, - деді ІІМ басшысы журналистерге Үкімет отырысынан кейін кулуарда. 

Тұрғымбаевтың айтуынша, қазір олар оқиға орнын және әуе лайнерін демонтаждауды тексеріп жатыр. Ол әуежайдың территориясында жүргізіледі.

Айта кетейік, 27 желтоқсанда Алматыдан шыққан Bek Air жолаушылар ұшағы құлаған еді. Ұшақ Қызыл ту ауылында апатқа ұшыраған. Ұшақ апатына байланысты шұғыл телефон желісі ашылды. 

Сондай-ақ, зардап шеккендерге барлық топтағы қан керегі де хабарланды. Кейіннен, зардап шеккендер мен бортта болған жолаушылар тізімі жарияланды. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Тоқаев ұшақ апатынан қаза болғандардың отбасына көңіл айтты. 

Сонымен қатар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтты

Ауруханада тағы бір адам көз жұмып, қаза тапқандардың саны 15 адамға жетіп отыр. 

Сол апатта Informburo.kz редакторы Дана Круглова қайтыс болды. 

Болған жағдайға байланысты Bek Аir авиакомпаниясының лицензиясы тоқтатылды. 

Мемлекет басшысының бұйрығымен 28 желтоқсан еліміз бойынша қаралы күн деп жарияланды. 

Бұдан бөлек, ұшақ бортындағы экипаждардың есімдері белгілі болды. Бүгін Fokker компаниясы Bek Air ұшағының құлау себептерін анықтау мақсатында Алматыға мамандарды жіберетіні айтылды

ҚР ІІМ арнайы тексеру жүргізіп жатқандығын хабарлады. Үкімет басшысы Асқар Мамин де ұшақ апатының себебін 10 қаңтарды жариялауды тапсырған болатын. 

Қазір зардап шеккендерге көмек үшін арнайы шот ашылды.




 

Өзгелердің жаңалығы