Бас жаңалықтар
ІІМ басшысы Алматыда қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты
21 Қыркүйек 2021, 12:38 310

ІІМ басшысы Алматыда қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Алматыдағы атыс кезінде қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты, деп хабарлайды Polisia.kz. 


Біз үшін бүгін өте ауыр күн, орны толмас қайғы. Айдың күннің аманында Алматы қаласындағы қайғылы оқиға нәтижесінде 5 азаматымыз оққа ұшты. Оның ішінде ішкі істер органдарының екі қызметкері бар. Полиция майоры Дархан Сүлеев пен полиция капитаны Нұрбол Байғазиев өз жұмыстарын адал атқарып жүрген қатардағы қызметкерлер еді. Қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлының «Адам болу – қасиет, азамат болу – міндет, патриот болу – парыз» деген қанатты сөзі бар. Олар адамгершіліктерімен айналасына абыройлы болып, отансүйгіштіктерімен талайға үлгі бола білді. Адам ретінде қалыптасты, азамат болып атқа қонды, патриоттық болмысымен ел тыныштығын қорғады. Дархан Сүлеев ішкі істер саласында 18  жыл қызмет атқарса, Нұрбол Байғазиев 7 жылдан бері сапта қызмет етіп келді. Оларды әріптестері қызметіне адал, достыққа берік, жүрегі үлкен азамат ретінде мәңгі есте сақтайды. Осы марқұмдардың әке-шешесі, отбасы, туған-туыстарына көңіл айтып, қайғыларына ортақтасқым келеді. Марқұмдардың жаны жәннатта, топырағы торқа, иманы жолдас болсын!, - деді Ерлан Тұрғымбаев.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...