IELTS үшін онлайн тест тапсыруға болады

9 Шілде 2020, 15:38
4514
Бөлісу:
IELTS үшін онлайн тест тапсыруға болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. COVID-19 пандемиясы жағдайында ағылшын тілін білу деңгейін анықтайтын IELTS халықаралық емтиханын дәстүрлі форматта тапсыру мүмкіндігінің болмауына байланысты ҚР Білім және ғылым министрі жоғары оқу орындарының түлектеріне магистратура мен докторантураға түсу үшін Duolingo English Тest және IELTS INDICATOR тапсыруға рұқсат беретін бұйрыққа қол қойды.

Тестілеу емтихан кезінде көшіріп алуға мүмкіндік бермейтін ақпараттық жүйелер арқылы тек электронды форматта тапсырылады.

Duolingo English Test және IELTS INDICATOR тапсыру кезінде прокторингтің заманауи жүйелері пайдаланылады. Duolingo English Test Плющ Лигасының университеттері, Russell Group, Назарбаев Университеті және әлемдік деңгейдегі көптеген жоғары оқу орнымен танылады. Жалпы Duolingo жүйесінде тіркелген пайдаланушылар саны шамамен 300 млн адамды құрайды. IELTS Indicator – пандемия жағдайында тапсыруға болатын IELTS академиялық модулінің жаңа онлайн тесті.

Магистратураға түсу үшін Duolingo English Test бойынша шекті балл 95-тен кем емес, IELTS INDICATOR бойынша – 6,0-ден кем емес. Докторантура үшін Duolingo English Test бойынша шекті балл 85-тен кем емес, IELTS INDICATOR бойынша – 5,5-тен кем емес.

Duolingo English Test сертификатының қолданылу мерзімі 1 жыл, ал IELTS INDICATOR сертификаты 2 жылға дейін жарамды.

Шет тілін меңгергендігін растайтын сертификат тек докторантура үшін міндетті. Магистратураның білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түсу үшін Duolingo English Test, IELTS INDICATOR халықаралық сертификаттарын ұсынуға немесе кешенді тестілеу (КТ) барысында шет тілінен тест тапсыруға болады.

Назарларыңызға кешенді тестілеу және білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініштерді қабылдау мерзімдері туралы ақпаратты ұсынамыз.

Магистратура

Кешенді тестілеуге қатысу үшін өтініш қабылдау ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының сайты арқылы ЖОО қабылдау комиссиялары арқылы 15 маусымнан 15 шілдеге дейін жүргізіледі.

Кешенді тестілеу 1-15 тамыз аралығында компьютерлік форматта өткізіледі. Магистратура бойынша білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін 16-20 тамыз аралығында өтініш қабылданады.

Докторантура

Оқуға түсуге өтініш қабылдау ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының сайтында ЖОО қабылдау комиссиялары арқылы 3 шілдеден 3 тамызға дейін жүргізіледі. Докторантураға түсу емтихандары 4-20 тамыз аралығында өтеді.

Өзгелердің жаңалығы