Бас жаңалықтар
Қазақстанда әр азаматтың әлеуметтік ID картасы болады
21 Ақпан 2020, 13:21 187

Қазақстанда әр азаматтың әлеуметтік ID картасы болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде "Қазақстан азаматының әлеуметтік ID картасы" енгізіліп жатыр. Бұл – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру бағыты бойынша қолға алған пилоттық жобасы. Бүгінгі күні 48 мың азаматқа жәрдемақылар мен төлемдер түсетін пластикалық карта берілген. 

Бұл туралы бүгін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев брифингте айтты. 

"Қазақстан азаматының әлеуметтік ID картасы" - бұл жәрдемақылар мен төлемдер түсетін пластикалық карта. Картаның көмегімен қызметтерге ақы төлеуге болады. Бұл ретте, егер картаның иесі жеңілдік санатына жататын болса, ақша есептен шығарылмайды, бірақ төлем туралы хабарлама көрсетіледі. Әлеуметтік ID карта АӘК төлемін, қоғамдық көлікте жол жүру ақысын төлеуді, мектептерде көпбалалы және табысы аз отбасылардың балаларына ақысыз тамақтануды көздейді, - дейді вице-министр Нариман Мұқышев. 

Оның айтуынша, аталмыш пилоттық жобаны іске асыру Ақтөбе әкімдігімен бірлесіп, 2019 жылғы шілдеде басталған. Оның операторы "Қазпошта" акционерлік қоғамы. 

Картаның ақтөбеліктер үшін тиімді екенін көргенде, біз жобаны біртіндеп кеңінен қолдану туралы шешім қабылдадық. Осылайша, әлеуметтік ID карта қазіргі кезде Нұр-Сұлтан қаласында, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Маңғыстау облыстарында сәтті енгізілуде. 45 мыңға жуық карта шығарылып, 31 мың транзакция жүзеге асырылды. Биыл әлеуметтік карталарды бүкіл ел бойынша енгізуді жоспарлап отырмыз, - деп атап айтты Нариман Мұқышев.

Өз сөзінде еңбек вице-министрі "Азаматтың әлеуметтік ID картасы", "Электрондық еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі" сияқты жобалардың жұмыс нәтижелеріне назар аударып, сондай-ақ әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді электрондық және проактивті форматқа көшіру туралы айтып берді.

Еңбек саласын цифрландыру шеңберінде "Электрондық еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі" жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жеке куәлік бойынша жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Бұрын бұл үшін жұмыс берушінің талабы бірнеше құжат жинау керек болатын. Бұл уақыт пен ақшаны ысырап етушілік. Сонымен бірге жоба жұмыс берушілердің шарттарды басып шығару және сақтау шығындарын, осы процесті жүргізуге штатта бірнеше адамның болуы сияқты шығындарды азайтады, - деп мәлім етті ол.

Фото: автордан
Загрузка...