І тоқсанда жалпы ішкі өнім өсімі 3,8% құрады

16 Сәуір 2019, 16:39
2020
Бөлісу:
І тоқсанда жалпы ішкі өнім өсімі 3,8% құрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Құрылыс, сауда, тау-кен өнеркәсібі, көлік саласы экономиканың басты өсу қозғаушылары болды. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.

ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы І тоқсандағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің орындалуының көрсеткіштері туралы ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов, ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов баяндады.

Күн тәртібінің мәселесі бойынша ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов сөз сөйледі, сондай-ақ Ақмола облысының әкімі Е. Маржықпаев пен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтановтың баяндамалары тыңдалды.

ҚР Премьер-министрі 2019 жылғы 10 сәуірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы туралы айтып өтті. Еліміздің биылғы І тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды.

«Қаңтар-наурызда ЖІӨ 3,8%-ға өсті. Құрылыс, сауда, тау-кен өнеркәсібі, көлік саласы экономиканың басты өсу қозғаушылары болды»,- деді Асқар Мамин.

2019 жылғы І тоқсандағы ҚР негізгі макроэкономикалық даму көрсеткіштері: негізгі капиталға инвестициялар көлемінің өсімі - 7%; биылғы 2 айда сыртқы сауда көлемі 7,5% өсті; 2019 жылдың 3 айында инфляция 1,3% құрады; жұмыссыздық деңгейі - 4,8%.

Негізгі көрсеткіштер бойынша І тоқсанда Шығыс Қазақстан, Қостанай, Атырау, Павлодар және Қызылорда облыстары жақсы нәтижелерге жетті.

«Жыл қорытындысы бойынша оң көрсеткіштерді қамтамасыз ету үшін негізгі капиталға, құрылысқа және басқа да секторларға салынатын инвестицияларды одан әрі өсіру бойынша жұмысты күшейту керек», - деді ҚР Үкімет басшысы. 

Сондай-ақ, орталық және жергілікті атқарушы органдар бюджет қаражатын уақытылы әрі толық игеру жөнінде шаралар қабылдауы керек.

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин әлемдік экономика өсімінің бәсеңдеуі және халықаралық сарапшылардың оның қарқындарының 2018 жылы 3,6%-дан 2019 жылы 3,3%-ға дейін төмендеуі туралы болжамдары жағдайында экономиканың инклюзивті және сапалы дамуына көңіл бөлу қажеттігін айтты.

Белсенді дамушы елдердің сәтті тәжірибесі көрсеткендей, экономиканың орнықты дамуы негізгі капиталға инвестициялар көлемін үнемі сандық әрі сапалық арттыру есебінен қамтамасыз етілуі қажет екенін көрсетті.

«Инвестициялық саясатта таза тікелей шетелдік инвестицияларды тарту басымдық болуы тиіс», - деді Асқар Мамин.

Биыл 18 сәуірде шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жаңа тәсілдерді ұйымдастыру туралы мемлекеттік органдардың басшылары және жергілікті атқарушы орган өкілдерінің қатысуымен кеңес өтеді.

«Барлық қабылданған мемлекеттік бағдарламалар барынша тиімді әрі толық көлемде іске асырылуы тиіс», - деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин. 

Ал Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар экономика өсімі қарқынын күшейтуге барлық күш-жігерді жұмсауы қажет.  

Өзгелердің жаңалығы