Елордада алғаш рет HPAIR Asia конференциясы өтеді

14 Тамыз 2019, 11:49
1659
Бөлісу:
Елордада алғаш рет HPAIR Asia конференциясы өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада 16-20 тамыз аралығында қырықтан астам елдің студенттері мен көшбасшылары бас қосатын HPAIR Asia 2019 халықаралық жастар конференциясы өтеді. 

Гарвард университетінің өнер және ғылым мектебі мен Назарбаев Университетінің студенттері бірлесіп ұйымдастыратын конференция бүкіл Азия-Тынық мұхиты аймағындағы халықаралық мәселелерді қозғайды. Бұл Қазақстан жастарына әлемдік ауқымдағы мәселелердің шешілуіне өз үлесін қосуға теңдессіз мүмкіндік береді. 

«Қатысушылар арнайы сайтта өтінімдерін қалдырды. Әлемнің түкпір-түкпірінен 10 мыңнан астам өтінім келіп түсті. Олардың арасынан 40 елден 300 делегат таңдалды. Соның ішінде Қазақстанның бірнеше өңірінен 80 адам қатысады. Біз оларға нетворкингке көп мүмкіндік бергіміз келді. Делегаттар 18 бен 29-30 жас аралығында. Бес күнде қатысушылар пленарлық, панельдік сессияларға, мәдени шараларға, кейс чемпионатқа қатысады. Сондай-ақ, Қазақстан астанасын аралайды», - деді HPAIR Asia 2019 қабылдаушы елдің ұйымдастыру комитетінің атқарушы директоры Лейла Ахметова. 

Оның сөзінше делегаттар негізінен ұшу билетін, осында орналасуын өз қалталарынан төлейді. 

«Біз өз кезегімізде оларға жеңілдіктер мен қалада орналасуға мүмкін болатын барлық нұсқаларды ұсынамыз. Қосымша іріктеуден кейін әртүрлі саладағы алдыңғы қатарлы делегаттарға – 30 жасқа HPAIR гранты берілді. Олардың қаржы жағдайына да қарадық. Грантқа ұшақ билеттері, елордада тұру, конференцияға тіркелу жарнасы кіреді», - деді Ахметова. 

Ол делегаттар арасында 19 тамызда өтетін кейс-чемпионат туралы да айтып өтті.

«Конференция серіктестері 6 компания кейстерін ұсынады. Чемпионат 19 тамызда өтеді. Серіктес компаниялар алдын ала дайындаған кейстер бойынша делегаттар командаға бөлінеді», - деді ол. 

Конференция қорытындысы бойынша делегаттарға сертификат табысталады. Конференция тақырыбы – «Өзгерістерге ұмтылыс». 

Семинарлар мен пленарлық сессиялар 6 түрлі бағытта өтеді: 

ғаламдық нарықтар және экономика; 

көркем өнер, бұқаралық ақпарат құралдары мен мәдениет; әлеуметтік саясат және әділет; 

энергетика және экологиялық тұрақтылық;  

басқару және геосаясат; 

ғылыми технологиялар. 

Десе де, қамтылған тақырыптардың әрқайсысы конференцияның негізгі тақырыбы – цифрландыру немесе цифрлық түрлендіруге байланысты болмақ. 

Бұл конференцияларға халықаралық компаниялардың басшылары, белгілі ықпалды адамдар, түрлі саладағы қоғам қайраткерлері, соның ішінде UNICEF Корея президенті, доктор Сонг Сан Хен, Үндістанның экс-сыртқы істер министрі Нирупама Рао, Таяу Шығыстағы және Солтүстік Африкадағы ғаламдық нарықтар бойынша Standard Chartered Bank-тің экс-басшысы Дэниэл Ацци, Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг, McKinsey & Company компаниясының аға серіктесі және McKinsey Дүниежүзілік институтының директоры Джонатан Вотцель, World Bank Group-тың бас техникалық директоры Лесли Го, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Сингапурдан шыққан Bain & Company серіктесі Тилл Вестеринг, Халықаралық валюта қорының Азия-Тынық мұхиты аймақтық кеңсесінің директоры Чикахаса Суми, Индонезия инфрақұрылым институтының төрағасы және Индонезияның экс-қаржы министрі Чатиб Басри, Вашингтондағы CNN, Нью-Йорктегі ABC News, Стамбұлдағы News News Asia, Берлиндегі Deutsche Welle TV және басқа да жаңалықтар ұйымдарында жұмыс істеген тележүргізуші, кәсіби модератор және журналист Али Аслан және т.б шақырылды.

Қазақстан тарапынан ҚР экс-білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев, Халықаралық қатынастар жөніндегі қазақстандық кеңестің директоры Ескендір Ақылбаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов және т.б тұлғалар сөз сөйлейді. 

Іс-шараға «Қазцинк» ЖШС, Eurasian Resources Group, Chevron және Microsoft компаниялары қолдау көрсетеді.

Өзгелердің жаңалығы