Халыққа қызмет көрсету орталығы дайын құжаттарды үйге әкеліп береді

8 Шілде 2021, 18:24
2312
Бөлісу:
Халыққа қызмет көрсету орталығы дайын құжаттарды үйге әкеліп береді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Азаматтарға арналған үкімет» 2021 жылдың сәуір айынан бері пилотты түрде дайын құжаттарды клиенттің есігіне дейін жеткізу қызметін іске қосқанын хабарлады.

Былтыр біз 16,4 млн қызмет көрсеттік. Яғни, статистика бір қызметті ХҚКО-ға бір өтініш ретінде есептейді. Іс жүзінде, бір қызметті алу үшін клиент ХҚКО-ға өтініш беру үшін және нәтижені алу үшін екі рет жүгінеді. Бұл бөлімшеге қосымша жүктеме жасайды. Азаматтардың қайта жүгінуін болдырмай, кезекті азайту мақсатында үш қалада – Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында дайын құжаттарды жеткізу қызметі іске асырылды, - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Сүйеніш Әбділдин.

Оның айтуынша, мұндай қызметтің 144 түрі енген. Атап айтсақ, жылжымайтын мүлікке құқықтарды (ауыртпалықтарды) мемлекеттік тіркеу, жер учаскелерінің актілері, білім туралы құжаттарды апостильдеу, мұрағат анықтамалары, әскери билеттердің телнұсқаларын беру және басқа қызметтер бар.

Құжаттар дайын болғаннан кейін клиенттің қажетті мекенжайына құжаттарды жеткізуді рәсімдеуді ұсынатын веб-сілтемесі бар SMS-хабарлама жолданады. Қызмет ақылы, қала бойынша жеткізу құны – 973 теңге. Сервис Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында қолжетімді. Пилоттық жобаның бір жарым айында 1 200-ден астам құжат жеткізілді. Жақын арада жоба бүкіл Қазақстан бойынша кеңейтілетін болады, - деді Сүйеніш Әбділдин.


Өзгелердің жаңалығы