Халыққа электронды форматта көрсетілген қызмет үлесі 34 пайызға өскен

2 Желтоқсан 2020, 09:53
1150
Бөлісу:
Халыққа электронды форматта көрсетілген қызмет үлесі 34 пайызға өскен

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров бүгін Үкімет отырысы барысында айтты.

Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру тәуекелдерді төмендетуге, климаттың өзгеруіне бейімделуге, ауыл шаруашылығы дақылдарының түсімділігін, жануарлардың өнімділігін арттыруға, агротехнологияларды уақытылы жоспарауға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығын цифландырудың негізгі міндеті - өнім өндіруге жұмсалатын шығындарды азайту, оның сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында түрлі қызмет көрсету кезінде электрондық форматқа көшу қажеттігін атап өтті. Аталған тапсырманы іске асыру үшін министрлік халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді, салалық бизнес процестерді автоматтандыруда және оңтайландыруда, - деді ол.

Министрдің айтуынша, бүгінде көрсетілетін қызметтердің 90 пайызы автоматтандырылған. Өткен жылмен салыстырғанда халыққа электронды форматта көрсетілген қызметтердің үлесі 34 пайызға өскен.

Мұндай нәтижелерге салалық ақпараттық жүйелелерді жаңғырту арқылы қол жеткізілді. Оларды дамыту жұмысын үнемі жаңғыртып отыру қажет. Қазақстан ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру ақпараттық жүйесіне деректер енгізе отырып, ауыл шаруашылығы жануарларын есепке алудың бірыңғай жүйесін пайдаланатын Еуразиялық экономикалық одақтағы алғашқы ел. Жүйеде 35 млн-нан астам ауыл шаруашылығы жануарлары тіркелген. Онда 4,5 мыңға жуық ветеринария маманы жұмыс істейді, - деді Омаров. 
Ол сондай-ақ, алдын алу ветеринарлық іс-шараларын қоса алғанда жануарлардың толық тіршілік циклін бақылауға арналған жүйені түрлендіру жұмысы үнемі жүргізіліп отыратынын жеткізді.
Жүйенің дамуын ескере отырып, қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізіледі. Мәселен, ветеринариялық паспорттарды электронды түрде беру туралы ережені заңнамалық түрде бекітіп беру Парламентте қаралуында. Бұл норма ветеринариялық паспорттар беруді жеңілдетіп, алуды тездетеді. Мемлекеттік шығысты айтарлықтай үнемдейді, - деді министр.

Өзгелердің жаңалығы