Халықаралық ұйымдар қазақстандықтарды «Халық санағының» аяқталуымен құттықтады
10 Қараша 2021, 13:56 122

Халықаралық ұйымдар қазақстандықтарды «Халық санағының» аяқталуымен құттықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жақында Жалпыұлттық халық санағының негізгі кезеңі аяқталды. Бірқатар халықаралық ұйымдар Ұлттық статистика бюросын деректерді жинау процесінің аяқталуымен құттықтады, деп хабарлады Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, Ислам ынтымақтастық ұйымының ислам елдері үшін статистикалық, экономикалық және әлеуметтік зерттеу және оқыту орталығының бас директоры Небиль Дабур Қазақстан статистиктерін құттықтай отырып, ынтымақтастықты кеңейтуге ниет білдірді.

Мен сіздерді ҚР Үшінші Ұлттық халық санағының табысты аяқталуымен құттықтағым келеді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен SESRIC атынан Бюро басшылығына SESRIC-тің статистикалық әлеуетті арттыру жөніндегі (STATCAB) бағдарламасы шеңберінде Ислам Ынтымақтастық Ұйымына мүше басқа елдермен өзінің техникалық статистикалық тәжірибесімен алмасқаны және қосқан құнды үлесі үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Біздің екі мекеме арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуді асыға күтемін, - деп атап өтті Небиль Дабур.

БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының Орталық Азия бойынша өкілінің орынбасары Думитру Липкану инклюзивті қоғамды дамытудағы еліміздің жетістіктеріне ерекше тоқталды.

БҰҰ БЖКБ Сіздерді Қазақстан Республикасындағы Ұлттық санақтың табысты аяқталуымен шын жүректен құттықтайды! Біз Қазақстанның Ұлттық статистика бюросының 2021 жылғы халық санағының толығымен инклюзивті болуына бағыттаған күш-жігерін қолдаймыз және Қазақстанның осы мақсатқа қол жеткізген жетістігін куәландыруға қуаныштымыз, - делінген хатта.

ТМД Мемлекетаралық статистика комитетінің төрағасы Владимир Соколин Қазақстанның халық санағы шеңберінде деректерді жинаудағы технологиялық прогресін ерекше атап өтті. Владимир Соколин бұған дейін елімізде болып, жүргізіліп жатқан ұйымдастырушылық жұмыстармен жеке танысқанын атап өткен жөн.

Халық санағы енді ғана аяқталды, бірақ қазірдің өзінде алғашқы нәтижелерді шығара беруге болады. Қазақстан Республикасында халық санағы планшеттер мен Интернетті пайдалану арқылы алғаш рет электронды түрде жүргізілді. Халықтың 40 пайыздан астамы Интернет бойынша санақ парақтарын өз бетінше толтырып, санаққа қатысты. Халықтың осындай жоғары қызығушылығы санақ қарсаңында өткізген үлкен ақпараттық дайындық жұмысының нәтижесі болып табылады. Қымбатты әріптестер! Санақ аяқталды, бірақ жұмыс жалғасуда! Алда нәтижелерді шығаруға және жариялауға байланысты маңызды кезең бар. Шын жүректен табыс тілеймін және Қазақстан Республикасындағы үшінші Ұлттық халық санағының нәтижелерін күтеміз,- деді В.Соколин.

БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрғын халықтың қоныстануы саласындағы қоры да (ЮНФПА) өзінің құттықтау хатын жолдады.

Сіздерді БҰҰ ұсынымдарына сәйкес екі жаһандық раунд шеңберінде өткізілген халық санағының сәтті аяқталуымен құттықтаймыз. ЮНФПА Ұлттық статистика бюросына осы зерттеулерді жүргізудегі ынтымақтастығы үшін өз ризашылығын білдіреді!,- деп атап өтті ЮНФПА-ның Қазақстандағы Атқарушы өкілі Райымбек Сисемалиев.

Сондай-ақ, құттықтау хаттар Дүниежүзілік банк пен БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілдігі атынан да келді.

 

 



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...