Халықаралық Түркі академиясының президенті ТүркПА бас хатшысымен кездесті

23 Қараша 2021, 22:03
748
Бөлісу:
Халықаралық Түркі академиясының президенті ТүркПА бас хатшысымен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) бас хатшысы Мехмет Сүрейя Эрмен кездесті.

Өзінің Қазақстан Республикасына іссапары аясында академияға арнайы келген Мехмет Сүрейя Эр ұйымның жаңа ғимаратымен танысып, Түркі музейін аралап көрді.

Мәртебелі мейманмен кездескен Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі ТүркПА бас хатшысын жаңа қызметіне кірісуімен құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Сонымен қатар ол өз сөзінде бүгіндері Түркі академиясы мен ТүркПА арасындағы ынтымақтастық жоғары деңгейде жолға қойылғанына, көптеген табысты жобалар іске асырылғанына тоқталды. Екі құрылымның әріптестік байланысы нәтижесінде түркі елдерінің материалдық емес мұрасын қорғайтын модельдік заң жобасы әзірленгенін айтты.

Халықаралық Түркі академиясының президенті ТүркПА бас хатшысымен кездесті

Өз кезегінде ТүркПА-ның бас хатшысы Мехмет Сурейя Халықаралық Түркі академиясының түркі халықтарын одан әрі жақындастыру мен ықпалдастыру, интеграцияның тұжырымдамалық негіздерін дайындау, ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты жолға қою бағыттарында маңызы зор ұйым екенін атап өтті.

Екі жақты кездесуде тараптар серіктес ұйымдардың атқарып жатқан жұмыстары мен бастамалары туралы пікірлесіп, Түркі академиясы мен ТүркПА хатшылығы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсу жолдарын талқылады.

Сонымен қатар ұйым басшылары бауырлас елдер арасындағы ғылыми ықпалдастықты дамыта түсуге бағытталған бірлескен іс-шаралар өткізуге уағдаласты.

Кездесу соңында Дархан Қыдырәлі ТүркПА бас хатшысына Түркі академиясы шығарған бағалы басылымдарды тарту етті.

Өзгелердің жаңалығы