Халықаралық олимпиада жеңімпаздары мен мұғалімдеріне ақшалай сыйақы беріледі

2 Қыркүйек 2021, 11:01
8794
Бөлісу:
Халықаралық олимпиада жеңімпаздары мен мұғалімдеріне ақшалай сыйақы беріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Халықаралық олимпиада жеңімпаздары мен оларды дайындаған тәлімгерлерге бір реттік ақшалай сыйақы беріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.

Халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарын қолдауға қатысты тоқталды.

Оларға конкурсқа қатыспай-ақ ЖОО-ға түсу үшін грант беру мәселесін заңнамалық түрде реттейміз. Сондай-ақ халықаралық олимпидалардың жеңімпаздарын ынталандыру және қолдау мақсатында алтын медальға 1 500 АЕК (шамамен 4,5 млн теңге), күміске 1 000 АЕК және қолаға 500 АЕК бір мезгіл ақшалай сыйлықтарын тағайындау жоспарланып отыр, - деді министр.

Сонымен қатар жеңімпаздарды дайындаған педагогтар мен тәлімгерлерге тиісті бір реттік ақшалай сыйақы беру көзделіп отыр.

Одан бөлек, министр атап өткендей, бағдарламалау дағдыларын дамыту бойынша «Цифрлық білім» жобасының аясында IT-мектептер оқу үшін жастарға оқу ваучерлерін беру мәселесі де қарастырылады. Ол үшін заңнамалық негіз дайындалды.

«Цифрлық мұғалім» жобасы аясында әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға қосымша онлайн сабақтар алу мүмкіндігі ұсынылады. Тиісті заңнамалық түзетулер әзірленді. Бұл бастама балалардың білім сапасының көтерілуіне септігін тигізеді. Барлық білім беру ұйымдарында бірыңғай білім беру ақпараттық жүйесі қолжетімді болады, - деп толықтырды Аймағамбетов.

Өзгелердің жаңалығы