Халықаралық маңызы бар автожолды су басты

26 Сәуір 2021, 11:35
1809
Бөлісу:
Халықаралық маңызы бар автожолды су басты
PHOTO
Фото: автордан

BAQ.KZ тілшісі. Солтүстік Қазақстан. Күн жылынып, қардың көбесі сөгілгелі өзен-көлдердің тасуынан, кей жерде еріген қар суынан облыста 12 жол учаскесін су басты. Қазір олардың 11-і қайтты.

Тек, сәуірдің 24-інен бері Петропавлдағы Заречный кентін айналып өтетін «Челябі-Новосібір» тас жолының 528-інші шақырымы су астында қалды.  Жол полициясы қызметкерлері су арнасынан асқан сәттен бастап қауіпті учаскені жауып, қозғалысқа шектеу қойды. Қазір тәулік бойы кезекшілік атқаруда. Жалпы тасыған судың өзен арнасынан 85 метрге жайылған, тереңдігі кей жерлерде 45 сантиметрге дейін жетеді.  

Халықаралық маңызы бар автожолды су басты

Бұл жылда қайталанатын жағдай болғандықтан  эвакуция мәселесіне баса назар аударамыз.  2019  жылы облыста 107, былтыр 157 эвакуациялық қосын жұмыс істеді.  Ал биыл  олардың саны 325-ке жеткізілді. Оларда 35 мың адам паналай алады. Қазіргі уақытта әр қосын жылы киімдермен қамтылған, көмір мен жанармай қоры жеткілікті. Есіл өзені тасыған жағдайда Петропавл қаласының шеткі аудандарының тұрғындары №12, 13 және 14 орта мектептерге уақытша орналастырылатын болады, - дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамиль Камалов.

Халықаралық маңызы бар автожолды су басты

Қазгидромет мамандарының айтуынша, қазіргі күні Сергеев гидроторабындағы  жағдай тұрақталды. Су қоймасы лық толған. Тасқынның алғашқы легі қауіпсіз өтті, екінші толқынынан да қатер жоқ дейді мамандар.  Колутон мен Жабай өзенінен құйылған сумен Толыққан Есіл  өзені әзірге тосын мінез көрсеткен жоқ. Алдағы күндері де айтарлықтай қауіп болуы екіталай. Бірақ, сақтансаң ғана  сау болатыныңды ескеріп, өзен-көлдерден барынша алыс жүрген дұрыс дейді құтқарушылар. 

Халықаралық маңызы бар автожолды су басты

Алдын ала болжам бойынша, сәуір айының соңында ауа райы күрт жылынып, кей жерлерде сынап бағанасы 16-18 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Шағын өзендердің және көлдердің суға толуынан зардап шегуі мүмкін ауылдарға құтқарушылар жіберілді. Бүгінгі таңда ауылдарды су басу және баспаналарға қызыл судың кіру фактісі тіркелген жоқ.
Өзгелердің жаңалығы