Халықаралық мамандардың назарын тарихымызға бұру керек - Мұхамедиұлы
03 Қараша 2021, 14:44 114

Халықаралық мамандардың назарын тарихымызға бұру керек - Мұхамедиұлы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті.

Оның атап өтуінше, әр қоғам, әр орта өзінің түпкі тарихын білмесе, зайырлы, алдыңғы қатарлы қоғам болуы екіталай.

Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Жарлығымен бірінші рет Алтын Орданың 750 жылдығын атап өттік. Оған дейін бірде-бір жерде Алтын Орда мерейтойы болған емес. Әрине, тек қана конференция емес, негізгісі – өз тарихымызды кеңінен ашып көрсетіп жатқанымыз өте маңызды. Әрине, Алтын Орда әлемді таңғалдырған алып мемлекет болған. Осы жерде сұрақ туындайды, ол мемлекет қайда, оны жалғастырушысы қайда? Қай кезде ондай мемлекет құрылған? Біз мақтанышпен айтуымыз керек, Алтын Орда негізін қалаған – біздің бабаларымыз. Ұлытауда Жошы ханның кесенесі жатыр. Жошы хан Шыңғыс ханның тұңғыш ұлы, бірінші рет біртұстас елдің негізін қалаған. Әрі қарай Шыңғысханның сүйікті немересі Батый сол Алтын Орданы биік деңгейге көтерген, - дейді Ұлттық музей директоры.

Оның мәлімдеуінше, қазір еліміз ерекше кезеңде тұр. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтуіміз ғана емес, өз тарихымызда жаңа парақшалар ашып жатырмыз.

Әрине, 30 жылда көптеген дүниені бірден шығару қиын болды, ол мүмкін де емес шығар. Бірақ негізінен әр қадам алға жылжыған сайын, өз тарихымызды кеңінен, ашық қарап жатқанымыз өте дұрыс. Егер Алтын Орданың негізі қаланғанын, биік деңгейде болғанын біз дүние жүзіне шығармасақ, кім шығарады? Керісінше, басқа мемлекеттің тарихшылары «танылмаса екен, мұндай мемлекеттің мәртебесін ел білмесе екен» деген қадамдарын да жақсы білеміз. Сол себепті біз қорықпауымыз керек, алға жылжуымыз керек, - деді Мұхамедиұлы.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...