Халық санағы аясында нақтылау жұмыстары басталды
01 Қараша 2021, 17:00 129

Халық санағы аясында нақтылау жұмыстары басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 1 қарашада, яғни бүгін елімізде Халық санағы аясында нақтылау шаралары басталды. Бұл жұмыс 8 қарашаға дейін жалғасады, деп хабарлады Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі.

Халықты толық есепке алуды және 2021 жылғы халық санағын жүргізу кезінде деректер сапасының анықтығын тексеруді қамтамасыз ету бақылау іс-шаралары жүргізіледі. Бақылау функциясы әрбір тұрғын үйге интервьюер барғанына және санақ парақтарының барлық тұратын респонденттерге толтырылғанына көз жеткізуге мүмкіндік береді.

Нұсқаушы-бақылаушылар интервьюерлермен бірге халық санағы аяқталғаннан кейін 7 күн ішінде әрбір есеп учаскесіндегі тұрғын жайлардың 10 пайызын қамти отырып, респонденттерге бақылап аралап шығу жүргізеді.

1 қарашадағы жағдай бойынша елде 19 450 179 адам немесе 102,2% (1 тамыздағы жағдай бойынша халық саны 19 029 507-ні құраған) санақпен қамтылды.

Естеріңізге сала кетейік, шара аясында елімізде тұрақты тұрып жатқандардан өзге 12 айдан аса уақытқа шетелге іссапармен шыққандар (шетелдегі дипломатиялық корпус пен ҚР өкілдігінің қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері), келісімшарт негізінде бір жылдан кем уақытқа басқа елге кеткен отандастарымыз, өзге мемлекетте «Болашақ» бағдарламасы аясында білім алып жатқан студенттер, уақытша шетелге шыққан туристер, уақытша (12 айдан аз) елімізде жүрген шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар мен босқындар санақтан өтуде.

Халық санағын өткізу әдістемесіне сәйкес, сауалнама аяқталған соң нақты және тұрғылықты халық саны бойынша ақпарат алынатын болады. Бұл санаттар нені білдіреді?

«Нақты халық» дегеніміз, санақ өткізу кезіндегі белгілі бір елді мекендегі адамдардың санын білдіреді. Бұл санатқа тұрғылықты тұрғындармен қатар, уақытша келгендер мен резидент емес тұлғалар жатқызылады. Яғни, мұнда елді мекенге қонаққа, демалуға, жұмыс бабымен және т. б. мақсатта, сондай-ақ, елде уақытша жүрген шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар мен босқындар қамтылады, - деп хабарлады Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі.

«Тұрғылықты халық» деген санатта елді мекенде тұрақты тұрып жүргендермен қатар, уақытша басқа жаққа шығып кеткен азаматтар қамтылады. Олардың қатарына басқа елді мекенге немесе шетелге туыстарына, еңбек демалысына, жұмыс бабымен немесе басқа да себептермен уақытша кеткендер кіреді.

Санақтан онлайн өту мүмкіндігі де 8 қарашаға дейін қолжетімді екенін атап өткіміз келеді. Санақ сауалдарына арнайы sanaq.gov.kz сайты, E-Gov порталы немесе Aitu мобильді қосымшасы арқылы жауап беруге болады.

Халық санағының негізгі кезеңі аяқталды. Қарашаның 8-не дейін санақ өткізу әдістемесіне сәйкес, нақтылау шаралары қарастырылған. 2021 жылғы халық санағының ұраны - «Қазақстанда әркім маңызды! В Казахстане каждый важен!».

 



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...