Халел Досмұхамедов атындағы университетте Дорофеев атындағы аудитория ашылды
17 Қараша 2021, 18:51 101

Халел Досмұхамедов атындағы университетте Дорофеев атындағы аудитория ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінде белгілі қазақстандық журналист, ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистика академиясының академигі Дорофеев Михаил Викторович атындағы аудиторияның ашылуы өтті.

Іс-шара Халықаралық студенттер күніне орайластырылған.

Онлайн форматта өткен ашылу салтанатына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Атырау облысы әкімінің орынбасары Нариман Таушов, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры Саламат Ыдырысов, Михаил Дорофеевтің әріптестері мен топтастары қатысты.

Министр Аида Балаева өз сөзінде Михаил Викторович қашанда өзінің азаматтық ұстанымына берік, кәсіби қызметіне адал, айналасына сыйлы және әріптестеріне үлгі азамат болғандығын атап өтті.

Сондықтан осындай сыйлы да құрметті зиялы азаматтың есімі аудиторияға берілуі – бұл біріншіден, арамыздан кеткен әріптесімізге деген құрмет. Екіншіден, бұл студенттер мен оқытушылар үшін үлкен жауапкершілік. Осы аудиторияда білім алатын әрбір студент сыйлы азаматтың есімін лайықты деңгейде алып жүреді деп сенім білдіремін. Өйткені Михаил Викторович кейінгі буын жас журналистерге өзінің еңбегімен, кәсіби ісімен қашанда үлгі өнеге бола білді, - деді.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, құрметті журналисі, Атырау облысының журналистика ардагері Любовь Монастырская да естеліктерімен бөлісті.

Михаил Дорофеев Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің түлегі болғандығын атап өткен жөн. Ол өңірлік және республикалық БАҚ-та табысты еңбек еткен, телеарналарда менеджерлік позициялар атқарған, сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі болған.


Фото: дереккөз
Загрузка...