Ғылымға мән бермеу Қазақстанның дамуын тежеп тұр

27 Қазан 2020, 17:47
2238
Бөлісу:
Ғылымға мән бермеу Қазақстанның дамуын тежеп тұр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ғылымға жете мән бермеу Қазақстанның көптеген саласының дамуын тежеп тұр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің Antikor Live жобасына қатысқан агенттік жанындағы ғылыми сарапшылар кеңесінің басшысы, Ұлыбританиядағы қазақстандық phd қауымдастығының президенті Алия Сембаева осындай пікір білдірді.

Оның айтуынша, Ұлыбританияда ғылымға ерекше ден қойылған. Бизнес пен ғылым арасында байланыс бар. Мысалы, қандай да бір ғалым өз идеясын кәсіпкерге ұсыну арқылы оны жүзеге асыру үшін қаржылық қолдауға ие бола алады. Ал бізде мұндай іске бюрократия кедергі келтіріп тұр. Көптеген ғалым нәтижеге жетуі күмәнді бола тұра, қыруар қағаз жинауға құлықсыз. 

Ұлыбритания, Канадада ғылым мен индустрия бірлесіп жұмыс істейді. Ғалымдардың жобалары қиялдан туған дүние деңгейінде қалып қоймайды. Өндіріске кіріктіреді. Сол үшін мықты жобаларды ойлап табуға олар да ынталы болады. Ал біздегі ғалымдардың жағдай мүшкіл екеніне көзім жетті, - дейді ол.

Оның айтуынша, агенттік жанынан құрылған ғылыми кеңес мемлекеттік басқару мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте әлемдік тәжірибені ұсыну мақсатында құрылған. Және қоғамдық бастама негізінде жұмыс істейді.

Құрылғанымызға көп болған жоқ. Бірер ай ғана уақыт өтті. Сондықтан алғашында пилоттық жоба аясында жұмыс істейміз. Өзге елдермен өз елімді неге салыстыра береді демеңіздер. Алайда ғылым дамуды бетке алған мемлекеттің темірқазығы болу тиіс. Мәселен жоғарыда айтқан Ұлыбританияда әр министрліктің ғылыми кеңесшісі бар. Бұл бір жағынан ғалымдар мәртебесін көтерсе, екіншіден реформалардың ғылымға негізделуіне мүмкіндік береді, бізге де осыны үлгі етіп алу керек, - дейді ол.
Өзгелердің жаңалығы