Министр ғылым саласына бөлінетін қаржының мардымсыз екенін айтты

21 Қазан 2019, 12:23
3356
Бөлісу:
Министр ғылым саласына бөлінетін қаржының мардымсыз екенін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ҚР Парламенті Мәжілісінде өтіп жатқан Үкімет сағатында ғылым саласына бөлінетін қаржының жеткіліксіз екенін айтты. 

Бүгін ведомство басшысы білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының алдын ала қорытындылары туралы есеп берді. 

"Ғылым саласы бойынша бұл мәселені Мәжілістің вице-спикері Гүлмира Исимбаева айтты. Өте кешенді мәселе. Бұл сала бойынша да сұрақтар өте көп. Ең басты мәселелердің бірі – қаржыландыру мәселесі. Қаржыландыру мәселесі бойынша биыл жалпы қорытындыны қарайтын болсақ 0,13%, ЖІӨ-дегі үлесі өте аз, жеткіліксіз. Сондықтан мемлекет басшысының тапсырмасы бар, бұл тапсырмаға сәйкес қаржыландыру көлемін 1%-ға дейін жеткізу. Қазірдің өзінде Жоғары ғылыми-техникалық комиссия отырысын жүргізді. Келер жылы ғылым саласын 20 млрд теңгеге қаржыландыруды көбейту ұсынысы қабылданды. Бүгінде бюджетті қарастыру шеңберінде осы ұсынысты қолдасаңыздар, ғылым саласына жақсы көмек болушы еді", - деді Аймағамбетов.
Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева ғылым саласында жоспарланған нысаналы индикаторлар мен көрсеткіштер орындалып жатқанын, десе де бөлінген бюджет қаражатын одан әрі бөлу мен оны тиімді пайдалану, қаржыландыру тетіктері, сондай-ақ ғылымның нәтижелілігі мен оның нақты экономика секторымен тығыз байланысы сияқты мәселелер жіті назар аударуды талап ететінін айтқан болатын. Ол жалпы ғылымды дамыту мәселесін арнайы бөлек талқылау қажет екенін жеткізді. 

Айта кетейік, мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға мемлекеттік бюджеттен жалпы 2 трлн теңгеден астам қаражат қарастырылған.

Бұған дейін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ҚР Парламент Мәжілісінде өтіп жатқан Үкімет сағатында мектепке дейінгі білім беру ұйымдары бағдарламасынан ағылшын тілін оқыту алынып тасталуы мүмкін екенін және 123 мың мұғалімнің жалақысы өскенін айтқан болатын. Сонымен қатар, неліктен апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі шешімін таппай келе жатқанын айтты.

Өзгелердің жаңалығы