Бас жаңалықтар
Гузалия Гафурова: Жеңілсем, ең бірінші қызымнан ұяламын
08 Маусым 2019, 17:01 1179

Гузалия Гафурова: Жеңілсем, ең бірінші қызымнан ұяламын

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Каратэден Азия ойындарының екі дүркін чемпионы Гузалия Гафуровамен сұқбаттасудың сәті түскен еді.

– Азия ойындарында екі рет қатарынан топ жаруыңыздың сыры неде? Біріншісі түсінікті. Екіншісінде декреттік демалыстан шыға сала атой салдыңыз. Оның үстіне жартылай финалда қабырғаңыздың жарақаттанғаны бар. Әлде, қарсыластарыңыз әлсіз болды ма?

– Иә, Алланың қалауымен 2016 жылы тұрмыс құрдым. Арада бір жыл өткен соң, Раяна есімді қызымыз дүниеге келді. Сол 2017 жылдың желтоқсанында жеке бапкерім қоңырау шалып, қаңтар айынан бастап жаттығуға кірісуіміз керектігін айтты. Оған дейінгі әңгіме барысында байрақты бәсеке алдында бабыма келуім керектігін түсінгенмін. Әйтсе де, қызымның алты айлығында жаттығуға кірісемін деген ойым болған жоқ. Алайда, ерте қамданбасақ, рейтинг бойынша Азия ойындарына үлгермейтін едік. Сондықтан отағасы, қызым үшеуміз Нұр-Сұлтан қаласынан Таразға көшіп келдік. Сөйтіп «Ұрыста тұрыс жоқ» деп іске кірістік. Елордада жүріп те дайындықты пысықтауға мүмкіндігім болды. Бірақ, біріншіден, патриоттық сезімім жібермесе, екіншіден, бапкерімді сатып кететіндей көріндім.

Азия ойындарында екі рет қатарынан жеңіске жетуімді ең алдымен Жаратқанның маңдайға жазғаны деп қабылдаймын. Екіншіден, бапкерім екеуміздің ұзақ уақыт бойы төккен теріміздің өтеуі деп білемін. Декреттік демалыстан ерте шыққаныма еш өкінбеймін. Соның нәтижесінде сегіз ай дайындалдым. Екінші рет қатарынан құрлықтық ойындарда топ жаруым – менің ғана еңбегім емес, бапкерімнің де білгірлігі, кәсібилігі.

Мұндай жарысқа қарсыластар дайындықсыз келмейді. Өйткені, Азия ойындары төрт жылда бір өтеді. Деңгейі жағынан біз үшін Олимпиада ойындарынан кейінгі екінші аламан. Негізінде ешкім мені чемпион атанады деп ойламаған. Себебі, декреттік демалыста болдым. Жеке өзім үшінші орын алсам да жетеді деген оймен барғанмын. Алайда ондай сөзді естігенде бапкерім маған ұдайы ұрсатын. «Сен бәрібір чемпион боласың! Біздің қолымыздан бәрі келеді. Сен соған сенуің керек!» деп жігерлендіретін. Осы сөздерді күніге қайталап, миыма құйып отырды.

Ал додадағы қарсыластар мықты болды, біз олардан да мықты екенімізді көрсеттік. Рас, жартылай финалда қабырғамды жарақаттап алдым. Финалға сол жарақатпен шықтым. Командамыздағы білікті дәрігер көмектесті. Дегенмен, жылдам қимылдауым, секіруім қиынға соқты. Сондықтан тактиканы негізінен қорғанысқа құрдық. Барынша жағдайды қиындатпауға тырыстық. Жекпе-жектің соңғы секундында ғана соққы жұмсауды жоспарладық. Бәрі біз ойлағандай болды. Мили секунд қалғанда негізгі әдісімді қолданып, соққымды дарыттым. Бапкерім төрешілерден бейнеқайталауды көрсетуді талап етті. Осылайша соңғы секундқа дейін 0:0 болған есеп 2:0-ге айналып шыға келді. Солай чемпион атандық.

– Келіннің мойнына артылған міндет зор. Одан бөлек анасыз. Бұл спортпен шұғылдануыңызға кері әсерін тигізбейді ме?

– Шынында, солай. Бірақ өзімді ата-енеден жолым болған жанмын деп есептеймін. Ол кісілер немересін өте жақсы көреді. Біздің спортпен шұғылдануымызға барынша қолдау көрсетіп отырады. Сол үшін ол кісілерге алғысым шексіз. Отағасы Әділетке де ризамын. Оның өзі де спортшы, әлем чемпионы, қара белбеу иегері әрі бірінші дан деген спорттық дәрежесі бар. Мені жақсы түсінеді.

Біз оқу-жаттығу жиынында жүргенде енем үйдің жұмысын өз қолына алады. Ішер асымыз дайын тұрады. Маған: «Тамақтанып, демалып ал. Екінші жаттығуыңа күш жина», деп қамқорлық көрсетіп отырады.

– Жаттығуды қанша жасыңызда бастадыңыз?

– Спортпен 12 жасымнан шұғылдана бастадым. Алтын анам «Осы қызым өз-өзін қорғасын» деген оймен мені жаттығу залына жіберіпті. Алайда, кәсіби спортшы болсын деген ниеті болмаған шығар. Әйтсе де, спортқа бет бұрғаныма бір ай толмай тұрып жарысқа қатысып, жеңімпаз атандым. Содан бастап анам: «Бұл спорт сенің жұлдызыңды жарқырататын секілді. Алла бұйыртса, әлі талай чемпион боласың», деп мені қанаттандырып жүрді.

Мен Жамбыл облысындағы Байзақ ауданына қарасты Қызылжұлдыз ауылында тұрдым. Сондағы орта мектепте каратэ секциясы ашылып, сол жерде сүйікті спортыммен айналыса бастаған болатынмын.

– Бапкеріңіз Дулатбек Құсбеков кішкентай кезіңізден жеңіске жетелеп келеді. Одан өзге қандай жаттықтырушылармен жұмыс істедіңіз?

– Ол кісі сол жылдары колледжді бітіре салысымен мектепке бапкер болып жұмысқа орналасты. Мен ең бірініші қатысушы ретінде секцияға жазылдым. Қазірге дейін сол жаттықтырушыммен біргемін. Дулат ағайды тек бапкер ретінде емес, үлкен ағам ретінде де құрметтеймін. Бойындағы барлық жақсы қасиетін үлгі тұтамын. Тек спортта ғана емес, өмірде де қол ұшын созуға әзір тұрады.

Менің бірінші әрі соңғы бапкерім, әрине Дулатбек Құсбеков. Жамбыл облыстық құрама сапына енгенде Дулат ағайдан бөлек, Болатжан Нәрметов каратэнің қыр-сырын үйретті. Сол кезде ол біздің өңірдің аға жаттықтырушысы қызметін атқарды. Сондай-ақ федерация президенті Марат Стамқұлов та бос уақытында жаттығуымызға келіп, қасымыздан табылды, тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар соңғы екі-үш жыл бедерінде Арман Сұлтанбеков те жаттықтырды. Асхат Қосақовтың да айла-тәсілдерін бойыма жидым. Ұлттық құраманың қатарына қосылғанымда ақтаулық Парвиз Мансұров бапкеріміз болатын. Ұлттық құрамаға ұзақ жыл еңбек сіңіргін ол Қазақстандағы каратэнің дамуына, әлемдік деңгейде танылуына бір кісідей үлес қосқан.

Ұлттық құраманың бапкері ауысқанына көп уақыт өте қойған жоқ. Қазіргі таңда франциялық бапкер Әбдісалам Тарек бізбен білгенімен бөлісіп, шеберлігімізді шыңдауымызға септесіп жүр.

– 2020 жылғы Токио Олимпиадасының бағдарламасына каратэ спорты да енгенді. Шыны керек, жұрт бокстан лицензияның қалай берілетінін біледі. Дзюдода рейтинг түзіледі. Каратэде қалай? Сіздің қатысатын мүмкіндігіңіз бар ма?

– Иә, келесі жылы Жапония астанасында өтетін Олимпиада ойындарының бағдарламасына біздің сүйікті спортымыз қосылды. Бұған каратэмен шұғылданатын барлық спортшылар бөркін аспанға атып қуанды. Олардың қатарында мен де бармын. Бізде Олимпиада ойындарына жолдама алу рейтингілік жүйе бойынша жүргізіледі. Яғни, жинаған ұпайымыз есепке алынады. Жалпы біздің спортта ерлерден бес, қыздардан бес салмақ дәрежесі бар екені мәлім. Алайда Олимпиада ойындары бағдарламасына алты салмақ қана еніп отыр. Ерлерден үшеу, қыздардан үшеу. Бұл әлемдік бәсекенің өте жоғары деңгейде болатынын байқатады. Әлемді былай қойғанда, ел ішінде де бәсекелестік көркі қызатын болады. Өйткені, бірқатар салмақ дәрежелері біріктіріліп, спортшылар сол салмақтарда бақ сынайды. Айталық, қазір ұлттық құраманың мықтысы ретінде он спортшының аты аталса, Олимпиадаға бару мүмкіндігіне тек алтауы ие. Оның өзінде сол алты спортшының барлығы жолдама алады деп сенімді түрде ешкім айта алмайды. Әлемдік рейтингте өзінің олимпиадалық салмағында үздік үш спортшының қатарына енгендер ғана тікелей жолдамаға иелік етеді. Тағы бір қиындығы, бір салмақта он-ақ спортшы қатысады.

Жалпы алғанда Олимпиада ойындарында алпыс спортшы топқа түседі. Сондай-ақ катамен шұғылданатын жиырма спортшы жүлдеге таласады. Олар дәстүрлі каратэдегі техниканы көрсетеді.

Бір салмақта он спортшы қатысатынын айттық. Олар: әлемдік рейтингте өз салмақтарында бірінші, екінші, үшінші орында тұрған спортшылар, сол салмақтағы әлем чемпионы. Сосын мамыр айында Париж қаласында өтетін іріктеу турнирінде жұлдызы жанған үш спортшы қатарға қосылады. Сегізінші қатысушыны Халықаралық Олимпиада комитеті құрлықтардың бірінен таңдайды. Ол үшін сол таңдалатын құрлықтың үміткері жолдама алмаған болуы керек. Мәселен, Азиядан менің салмағымда қатысушы жоқ немесе өте аз болса, мені де таңдауы ықтимал. Бұны жәй түсінікті болу үшін айтып отырмын. Барлық салмақ дәрежесінде Олимпиаданы өткізуші мемлекет – Жапонияның спортшысы қатысады. Оныншы жолдама аукционда ойнатылады.

Менің Олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігім жоғары емес. Дегенмен, қарап отырған жоқпыз. Жолдамаға иелік ету үшін аянбай тер төгіп жатырмыз. Барлық туған-туысқандарым, бапкерлерім мені қолдап, жігерлендіріп отыр. Сондықтан жолдама қоржынымызға түседі әрі Олимпиада ойындарының жүлдесін аламын деп сенемін. Олимпиада ойындарының жүлдесі – кез келген спортшының арманы.

– Жеңіс, әрине эйфориялық сезім сыйлайды. Ал жеңілген сәтте қандай күйде боласыз? Кім бірінші жұбатады?

– Расында, жеңістің дәмі тәтті. Шын пейіліңмен қуанасың, ғажайып сезімді бастан өткересің. Шынында, эйфориялық күй кешесің. Ол сәттегі күйді тек сезіну керек. Спорт болған соң, жеңілістер де болады. Жеңіліс өз әсерін тигізбей қоймайды. Көңіл-күй бұзылады. Өз-өзіңе ренжисің. Бұрындары сәтсіздікке ұшырағанда анам, әпкелерім, достарым жұбататын. «Бүлінген ештеңе жоқ. Бұл спорт қой. Ондай-ондай болады. Ең бастысы, амансың, денің сау. Алда сәулелі күндер күтіп тұр. Әлі-ақ бәрі жақсы болады», деген сияқты сөздермен көңілімді аулайтын. Қазір ол санатқа жұбайым Әділет пен ата-енем қосылды.

Қызым дүниеге келгелі сәтсіздіктерге ұшырай қалсам, бірінші қызымның алдында кәдімгідей қысыламын. Өйткені оны апталап көрмеймін ғой. Жаттығу залында жүремін, шүмектеп тер төгемін. Ал жеңілген кезде: «Мүмкін, сол уақытта қызымның қасында отыруым керек пе еді. Оны тастап, сонша дайындалғанда нәтиже көрсете алмадым», деп күйзеліске түсемін. Өзіме өкпелеймін. Сондай-ақ бапкерлерім мен туған-туыстарымның алдында да қатты ұяламын.

– Сіз үшін спорттық мансап маңызды ма, отбасы ма?

– Әрине, бірінші кезекте отбасым, туған-туыстарым жоғары тұрады. Алайда, спорт – өмірімнің бір бөлшегі. Қазірге дейінгі өмірімнің жартысынан көбін сүйікті ісіме арнадым. Сондықтан спортты төмен қоюға болмайды.

– Орамал тағып, Алла үйінде түскен суретіңізді көріп қалдым. Дінге деген көзқарасыңыз қандай?

– Әлхамдулиллә, мұсылманмын. Жаратқан иемнің шексіз құдіретіне сенемін. Мұсылманның бір парызы – бес уақыт намаз оқу. Өкінішке қарай, сол парызды өтеп жүрген жоқпын. Бәлкім, әзірге дайын емес шығармын. «Намазды жұрттың бәрі оқып жүр» деген оймен оқығым келмейді. Өйткені құлшылықтың маңызы зор. Шын ықыласпен зейін қойғанды жөн көремін. Оның да уақыты келер.

– Алғашқы жеңісіңіз бен жеңілісіңіз есіңізде ме?

– Оны ұмыту мүмкін бе? Ең алғашқы жеңісіме Жамбыл облысындағы Қаратау қаласында өткен жарыста қол жеткіздім. Ол кезде спортпен шұғылдана бастағаныма бір ай да толмаған. Бұл – бірінші жарысым. Балалық көңілмен өте қатты қуандым, бақыттан басым айналғандай күй кештім. Анам да мәз. Сол күні Қызылжұлдыздағы барлық көршілерім жиналып, алғашқы жеңісімді атап өттік. Ол күнді ешқашан жадымнан шығармаймын.

Ең бірінші жеңілісім Петропавл қаласында болды. Ол мен үшін ауыр күндердің қатарында. Тұңғыш рет облыс аумағынан шығып, сырттағы жарысқа аттандым. Мені сол жарысқа жіберу үшін анам бізге тиесілі жердің бір бөлшегін сатып жіберді. Сөйтіп мені жалғыз жібермей, қасыма әпкемді қосты. Сол кезде жан дүнием астаң-кестең болып кетті. Сенім үдесінен шыға алмағаным үшін қатты өкіндім. Анамның менің ешкімнен кем болмауым үшін жеріміздің жартысын сатып жібергенін ойлап, тіпті күйзелдім. Ол кез есіме түссе, әлі мұңаямын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық