Бас жаңалықтар
Гуманитарлық жүкті қабылдау тәулік бойы жүргізілуде
27 Маусым 2019, 11:12 209

Гуманитарлық жүкті қабылдау тәулік бойы жүргізілуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Арыс халқының басына түскен қиын жағдайға алаңдаушылық білдірген ел азаматтары барынша көмек қолын созуда. Еліміздің барлық өңірнен гуманитарлық көмек келіп жатыр, деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Қазіргі таңда Қарағанды, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Алматыдағы отандастарымыздың жіберген түрлі материалдық заттары Шымкент қаласы, Ынтымақ шағынауданындағы сауда-логистикалық орталығы мен «Нұрсәт» шағынауданындағы «Көрме» орталығына жеткізілген.

Бүгін сауда-логистикалық орталығына Жамбыл облысынан 36 тонна азық-түлік тауарлары мен жеке тазалыққа арналған заттар келді. Атап айтқанда,         18 мың тонна бірінші санаттағы жұмыртқа, 10 тонна ұн, 1300 дана нан, 10 тонна қант, 2000 литр сүт жəне т.б. жеткізілді.

Сондай-ақ Шымкенттегі қоймаға Алматыдан да қайырымдылық көмек келіп жетті. Қажетті азық-түліктер мен гигиеналық заттарды Алматы қаласының тұрғындары жолдаған.

Сонымен қатар, кеше түнде Қызылорда облысынан бірнеше гуманитарлық жүк тиеген фуралар келген болатын. Алдағы уақытта басқа да өңірлерден көмек жүктері келеді деп күтілуде. Қазір Түркістан облысы мен Шымкент қаласы мектептерінде орналасқан эвакуациялық бекеттерде қажетті азық пен заттар жеткізілуде.

Арыстық азаматтарға қайырымдылық көмек ретінде Шымкент қаласындағы №№54, 56, 87 мектептерде орналасқан эвакуациялық пункттеріне қажетті азық-түлік пен жеке бастың тазалық заттары жіберілді.

Арыстықтар үшін материалдық және гуманитарлық көмектерді қабылдайтын бекеттер тәулік бойына жұмыс істейді. Айта кетейік, Түркістан облысында «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорында арнайы есеп-шот ашылған болатын. Бүгінде қорға түскен қаржы көлемі 600 млн теңгеге жетті.

Фото: дереккөз

Сізден жаңалық