Гүлшара Әбдіхалықова ақтөбеліктерді Амал мерекесімен құттықтады

14 Наурыз 2019, 15:39
2230
Бөлісу:
Гүлшара Әбдіхалықова ақтөбеліктерді Амал мерекесімен құттықтады

Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбе өңіріне іс-сапармен келген Үкіметтің жұмыс тобы жастармен кездесті. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне барды. Оқу орынына тиесілі жаңарған «Жастар сарайын» аралап көрді.

Жастар жылы аясында ақтөбелік жастармен кездеспекке Үкіметтің жұмыс тобы өңірдегі беделді жоғарғы оқу орындарының біріне барды. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Жастар сарайы қайта жаңғыртылды. Бүгін орталықтың салтанатты ашылуы өтті.

«Құрметті жастар, сіздерді Амал күнімен және «Жастар жылымен» шын жүректен құттықтаймын. Білімдеріңіз шыңдала берсін. Талаптарыңызды, мүмкіншіліктеріңізді көрсетуге жол ашу мақсатымыз. Мүмкіндіктеріңізді жүзеге асыруға жастарды тарту. Үлкен жоспар қабылданып, Үкімет қаулысы шықты. Жастар мәселесіне байланысты 26 млрд. теңге қаржы қарастырылып отыр. 26 ақылы университет жасақталайын деп жатыр. Оларды Назарбаев университетінің тәжірибесін, стандарттарына сәйкес кезең-кезеңімен көшіру қарастырылған. Жастарды жұмыспен қамту мәселесі де бар. Ол үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен жұмыс жүргізіліп жатыр. Университет бітірген жастар міндетті түрде жұмысқа орналасу керек. Жоғарғы оқу орындарының рейтингі түлектерінің жұмысқа орналасуымен бағаланатын болады»,-деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова.

Жастар елімізді рухани жаңғырту, байыту мәселесіне де үлес қосуы қажет. Түрлі шараларға жастар көбірек тартылып, идея-жобаларын ұсыну керек. Вице-премьердің сөзінше, осындай жағдайда ғана «Жастар жылы» өте нәтижелі болады.  

«Жастар үшін басты мәселе – жұмыссыздық. Өңірдегі жұмыссыздықтың алдын алу мақсатында 166 кәсіпорын, компания қаражатына біздің студенттер оқытылып жатыр. 4 жылдан кейін біздер сол өнеркәсіп орындарына жұмысқа тұра аламыз. Екі мәселе бірдей шешіледі. Жастардың жұмыссыздығы мен кадр жетіспеушілігі. Нәтиже бар. Дәл осылай жалғаса берсе, жетістігіміз мол болады»,-деді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенті Аслан Әбуов.

Үкіметтің жұмыс тобы бүгін шаһардағы «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік орталығында азаматтарды әлеуметтік қолдау сұрақтары бойынша қабылдап, көпбалалы отбасылардың үйлерін аралайды деп күтілуде. Кейін облыс аудандарын аралайды.

Өзгелердің жаңалығы