Гүлшара Әбдіқалықова базардағы бағаны тексерді

19 Қыркүйек 2021, 01:13
1090
Бөлісу:
Гүлшара Әбдіқалықова базардағы бағаны тексерді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда облысы әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі азық-түлік өнімдерінің бағаларын бақылау үшін қаладағы бірқатар ірі сауда орындары мен әлеуметтік дүкендерді аралады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, аймақ басшысы осы кезге дейін әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік өнімдердің шекті бағадан асырмау, әлеуметтік дүкендер желісін көбейту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Нәтижесінде бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін облыстың тұрақтандыру қорынан тауарлық интервенциялар жүргізу, сондай-ақ "айналым" схема бойынша бағаны тұрақтандыру механизмі аясында заем беру шаралары қабылданды.

Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында 1042,9 тонна өнім көлемі сақталып, төмен бағада сатылуда, оның ішінде бірінші сортты бидай ұны – 616,5 тонна, күріш – 96,8 тоона, қант – 235,4 тонна, макарон – 72,3 тонна, қарақұмық жармасы – 21,9 тонна бар.

Ірі азық-түлік сауда орындарын аралаған өңір басшысы бірқатар сауда үйлеріне барып, халық жиі тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағаларын саралады.Сауда сөрелерінде тұрған ұн, қант, күнбағыс майы мен көкөніс өнімдерін бағасын бекітілген тізіммен сәйкестігін тексерді.

Қала ішіндегі сауда нүктелерін аралау барысында облыс әкімі әлеуметтік дүкендерді де бақылап қайтты. Гүлшара Әбдіқалықова әлеуметтік дүкендердің желісін көбейту арқылы халыққа қолжетімді бағада өнім ұсынуға мүмкіндік кеңейетінін алға тартып, тиісті сала басшыларына жергілікті өнімдерді көбейту қажеттігін қаперге салды.

Өңірде әлеуметтік дүкендердің саны 34-ке жетті. Биыл 5 дүкен ашылды.

Сондай-ақ, Гүлшара Әбдіқалықова жергілікті өнімдер саудаланатын жәрмеңкеге барып, тұрғындармен тілдесті. Шиелі ауданы шаруа қожалықтарының өнімдері ұсынылған жәрмеңкеге келіп, халықпен бірге азық-түлік өнімдерін сатып алды. Табиғи тағам қолдың өнімдерін сатып алып, сауда жасады. Жергілікті өнімдер қатарын көбейткен қауыннан жасалған чипсы, бұқтырылған ет, бал өнімдерін көріп, кәсіпкерлермен пікірлесті. Жәрмеңке алаңына келген халықпен тілдесті.

Тұрғындар үшін жәрмеңкеде 50 тоннадан астам ақталған күріш, 80 тоннадан астам картоп, 30 тонна басты пияз, 25 тонна сәбіз, 30 тоннадан астам көкөніс,  80 тоннадай бақша өнімдері, 10 тоннаға ет пен шұжық, 5 тоннадан астам балық өнімдері, 3 тоннаға жуық нан және макарон өнімдері, 1 тоннадан астам сүт өнімі және 15 тонна кондитер өнімдері әкелінді.

Енді бүгіннен бастап 4 желтоқсанға дейін облыс орталығының тұрғындарына апта сайын аудандардың ауыл шаруашылығы тауарөндірушілердің өнімдері жәрмеңкелері өткізіледі.

Өзгелердің жаңалығы