Гүлнар Міржақыпқызының туғанына 105 жыл

4 Қараша 2020, 10:05
2726
Бөлісу:
Гүлнар Міржақыпқызының туғанына 105 жыл

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Гүлнар Міржақыпқызы Дулатованың туғанына 105 жыл толып отыр, деп жазды ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Facebook-тегі парақшасында.

Ұлтымыздың әдебиеті мен руханиятының тарихына бұл ардақты есім алтын әріптермен жазылған. Көп жылдар бойы «халық жауының қызы» деген таңбамен өмір сүріп, тұрлауы жоқ тіршілікте небір қиындықтар көрсе де текті туған Гүлнар Міржақыпқызы туған халқының тарихында айрықша орны бар әкесі Міржақып Дулатовтың атына ешқашан да жаманат келтірген емес, - деп жазы министр. 
Тәуелсіздіктің таңы атпай тұрып-ақ Гүлнар Міржақыпқызы Алаш Орда қайраткерлерін саяси және азаматтық тұрғыда ақтау ісінің бастамашысы болып, алғаш рет 1988 жылы сталиндік қуғын-сүргін құрбандарын саяси ақтаумен айналысатын арнайы комитетке Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Шәкәрім Құдайбердіұлы және басқалар туралы материалдар жіберді.
Ол өз әкесінің асыл арманы болған – Қазақ елінің Тәуелсіздік алған сәтінің, сондай-ақ Алаш қозғалысының барлық көрнекті қайраткерлері есімдерінің толық ақталғанының тірі куәгері болды. Әкесінің және басқа да алашордашылардың қайтыс болғаннан кейінгі ақталуы туралы құжатты жарыққа шығару үшін көп күш жұмсады, -деді Балаева.

Гүлнар Дулатованың жанқиярлығының арқасында ғана Міржақып Дулатов шығармалары жоғалып кетпей, кейінгі ұрпаққа жеткені баршаға мәлім. 

Асқан ыждаһаттылығы пен еңбекқорлығының арқасында әкесінің бар жазған-сызғанын тірнектеп жинай жүріп, бес томдық шығармалар жинағын бастырып шығарды. Алаш қозғалысының үш рухани діңгегінің бірі болған әкесінің баға жетпес шығармаларын сақтап қана қалған жоқ, қазақ, орыс, араб тілдерін еркін меңгеруінің арқасында тұтас дәуірдің тарихи куәгері ретінде де құнды дүниелер қалдыра білді, - деп жазды ол.
Ол өзі өмір сүрген уақыты туралы үш естелік кітабын жазды. Бұл кітаптар Қазақстан тарихының тұтас кезеңі туралы баға жетпес дереккөзге толы жәдігер болып табылады.
Гүлнар Міржақыпқызы қазақтың көрнекті жазушысы әрі журналист Әбен Сатыбалдиевтің сүйікті музасы, адал серігі және зайыбы болғандығын да айтпасқа болмас. Олардың бір-біріне деген пәк сезімдері мөлдір, шынайы махабаттың үлгісі болғандығын үйлерінде қонақ болған, олармен дос болған адамдар түгелдей растайды. Бұл махабаттың мәңгі ескерткіші ретінде Әбен Сатыбалдиевтің Гүлнар Дулатоваға арнаған «Гүлім» атты өлеңін де нық айтуға болады, - деді ол.
Гүлнар Дулатова 2013 жылы 97 жасында өмірден озды.

Асыл апамыздың жоғалтқаны мен жоқтағаны көп болса да, күреске толы өмірін жақсылық пен әділеттілікке деген сенімінен айырылмаған ақылды әйелдің, адалдық пен ар-намысты ту еткен адал жардың өмірі деп атауға болады. Қазақтың қасиетті қызы туған халқы мен ұрпақтарының жүрегінде мәңгі сақталады деген сенімдемін, - деп жазды министр. 


Өзгелердің жаңалығы