Гүлмира Қыпшақбаева: Вакцина егу нәтижесінде көптеген жұқпалы аурулар жойылды

19 Шілде 2021, 15:31
1825
Бөлісу:
Гүлмира Қыпшақбаева: Вакцина егу нәтижесінде көптеген жұқпалы аурулар жойылды
Фото: автордан

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қазір ресми және ресми емес БАҚ болсын, әлеуметтік желілерде болсын жұртшылықтың вакцина алуға деген көзқарасы екіге жарылып, жалған вакцинация сертификатын жасатқаны жайлы ақпараттардан көз сүрінеді. Демек, бұл орайда халық арасында әлі де вакцинаның тиімділігі жайлы үгіт-насихат жұмыстары тереңінен жүргізілуді қажет етеді. Түркістан облысы, Кентау қаласында коронавирус індетіне қарсы күрес қалай жүргізіліп жатыр?

Вакцина салатын қанша пункт бар? Вакцина алушылар саны қанша? Халық белсенді ме? Үгіт-насихат жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр? Бұл ретте мамандар не дейді? Осы және өзге де сұрақтарға Кентау қалалық емханасының дәрігер-инфекционисі Гүлмира Қыпшақбаева жауап беріп, халықтың вакцина алудағы белсенділігі бүгінде орташа екенін жеткізді.

Кентау қаласы мен оған қарасты елді мекендерде жалпы саны 17 егу пункті мен 10 жылжымалы егу бригадасы бар. Кентау халқының вакцина алудағы белсенділігі орташа. Вакцинаға қатысты медицина қызметкерлері тарапынан күнделікті үгіт-насихат жұмыстары барынша жүргізіліп келеді. Вакцина – ол өзiңізді және жақындарыңызды КВИ жұқпалы індетінен қорғаудың ең тиiмдi әдici. Халықтың 60 пайызы екпемен қамтылған кезде ғана ауруға қарсы ұжымдық иммунитет калыптасып, жеңуге болатынын түсіндіріп келеміз, - деді Гүлмира Бейсенқызы.

Дәрігер-инфекционистің айтуынша, 2021 жылдың ақпан айынан бастап бүгінге дейін Спутник V, Hayat-Vax, QazVac вакцинасының 1 компонентімен егілгендер саны – 32 310, 2 компонентпен – 19 714 адам қамтылып отыр. Қазіргі таңда Спутник V вакцинасы бар, тасымалдануы мен сақталынуы арнайы – 18 С мұздатқышта толық қамтамасыз етілген.

Кентау қаласы мен оған қарасты елді мекендерде 2021 жылдың қаңтар айынан бастап коронавирус жұқтырғандар саны – 388, коронавирусты пневмония бойынша 637 науқас тіркеліп отыр. Тіркелген науқастар арасында жүктілер, емізулі аналар, сондай-ақ 18 жасқа дейінгі балалар да бар. Өкініштісі сол, вакцинаға сенбеушілер, күмән келтірушілер халық арасында көп кездеседі, - дейді ол.

Гүлмира Қыпшақбаева тұрғындар арасында шектеу шаралары енгізілгеніне қарамастан, жасырынып жиын-тойларды өткізушілер қатары азаймай тұрғанын тілге тиек етті.

Мейрамхана иелері есіктерін жауып, көліктерді жасырып, небір қулықтарға барып, қауіптің алдын алатын мобильді топтың ескертулеріне құлақ аспауда. Осындай жиын-тойлардың салдарынан қаншама жақындарымыздан, дос-жарандарымыздан айрылып қалған күндерді, ауруханаларға науқастардың сыймай қалған кездерін естен қалай шығаруға болады?! Көпшілік бұл инфекцияның тікелей қарым-қатынас арқылы жұғатынын ұмытпаса екен деймін, - деді Гүлмира Бейсенқызы.

Көпшіліктің көкейінде «Вакцина алу жыл сайын жалғаса ма, әлде індет тоқтай ма?» деген үміт те жоқ емес.

Вакцинаға сенбеушілер, күмән келтірушілер арамызда бар. Айтарым, вакцина егу нәтижесінде көптеген жұқпалы аурулар жойылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, жылына 500 миллион адам жұқпалы ауруға шалдықса, соның 400 миллиондайы екпе егілмегендер екені анықталған. Сондықтан түрлі жұқпалы ауруларға қарсы егудің маңызы зор екеніне ешбір күмән келтірілмейді. Осыдан 30-40 жыл алдын қызылша, полиомиелит, дифтерия ауруларынан қаншама адам көз жұмған болатын. Қазіргі таңда екпе салдырғанның арқасында ұжымдық иммунитет ауруды жеңіп отыр, - деді дәрігер-инфекционист.

Айта кетейік, вакцинациялау тегін медициналық көмектің кепілді көлемінде енгізілген. Ал вакцинаны тұрғындар бұдан кейін жыл сайын алып тұратын бола ма? деген сұраққа маман өз болжамын айтты.

Жыл сайын штамын өзгертіп отыратын тұмау ауруының жеңіл өтуін қамтамасыз ету мақсатында күзде маусымдық иммунизация жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде тұмау ел арасында асқынбай, жеңіл өтуде. Коронавирусты инфекцияға карсы вакцина да сол тұмау тәрізді маусымдық вакцинациялау ретінде болуы мүмкін деген болжам ғана бар менде. Ал Кентау қаласынан жалған сертификат сатып алу мәселесі бойынша бірде бір жағдай тіркелген жоқ, - деді Гүлмира Бейсенқызы.

Өзгелердің жаңалығы