Депутат грантпен оқыған түлектердің көбі жұмыссыз қалатынын айтты

21 Қазан 2019, 12:43
6018
Бөлісу:
Депутат грантпен оқыған түлектердің көбі жұмыссыз қалатынын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлшара Әбдіқалықова білім беру мен ғылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасының алдын ала қорытындылары талқыланған Үкімет сағатында мемлекеттік тапсырыспен оқыған түлектердің басым бөлігі жұмыссыз екенін айтты.

"Мамандарға деген қажеттілік бітіріп шығарушылар санына сәйкес келмейді. Мысалы, "Химия" мамандығы бойынша қажеттілік 3,4 мың адам бола тұра, бар-жоғы 625 адам, ал "Физика" мамандығы бойынша қажеттілік 4 мың адам бола тұра, 638 адам оқытылды. Алаңдаушылық тудыратын тағы бір көрсеткіш – жұмысқа орналастыру пайызы. 2017 жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыған түлектердің тек 76%-ы жұмысқа орналастырылды. Ал 2018 жылы 68%-ды құрады", - деді депутат.

Ол ғылым саласына бөлінетін қаржыны 2020 жылдан бастап айтарлықтай көтеру көзделгенін, алайда министрлік ғылымды дамытудың стратегиялық басымдықтарын айқындамағанын жеткізді. 
"Ғылым саласында қабылданатын шешімдердің ашықтығы қамтамасыз етілмейді. Нәтижелер мен тиімділігін бағалаудың бірыңғай жүйесі жоқ. Ғылымды ұйымдық дамыту мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен келісімдіктің жоқтығы байқалады", - деді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ҚР Парламент Мәжілісінде өтіп жатқан Үкімет сағатында мектепке дейінгі білім беру ұйымдары бағдарламасынан ағылшын тілін оқыту алынып тасталуы мүмкін екенін және 123 мың мұғалімнің жалақысы өскеніннеліктен апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі шешімін таппай келе жатқанын айтты. 

Сонымен қатар, ғылым саласына бөлінетін қаржының мардымсыз екеніне де тоқталды.

Өзгелердің жаңалығы