Глубокое ауданында тұратын көпбалалы ана ерекше кәсіп бастады

16 Қазан 2020, 12:27
3000
Бөлісу:
Глубокое ауданында тұратын көпбалалы ана ерекше кәсіп бастады
PHOTO

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Глубокоелық көпбалалы ана ерітілген сары май өнімін өндіре бастады.

Төрт баланың анасы Динара Орымбаева отбасымен Белоусовка ауылында тұрады. Бүгінгі таңда бұл отбасы мемлекет тарапынан тағайындалатын атаулы әлеуметтік көмекті де алып отыр. Дегенмен мемлекеттік қолдау тек атаулы әлеуметтік көмекпен ғана шектеліп отырған жоқ. Қазіргі таңда ел басшылығы жаппай кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті дамытуға мүдделі. 

Глубокое ауданында тұратын көпбалалы ана ерекше кәсіп бастады

Биыл Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында Глубокое ауданына 21,1 млн теңге бөлінді. Қаражатты алуда бірінші кезекте көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, NEET санатындағы жастарға, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жұмыссыздарға басымдық берілді. Жалпы ауданның 38 тұрғыны 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі гранттарды алды, - дейді Глубокое аудандық Жұмыспен қамту орталығының директоры Алтай Қалиғожин. 

555 мың теңгелік гранттардың біріне Динара Орымбаева да қол жеткізді. Қолына тиген қаржыға ол йогурт пен ерітілген сары май дайындайтын арнайы құрылғы сатып алды. 

Глубокое ауданында тұратын көпбалалы ана ерекше кәсіп бастады

Менің құрбым – нутрициолог болып жұмыс істейді. Сол себепті ол үшін дұрыс тамақтанудың хаттамаларын дайындауда сапалы ерітілген сары майды қолдану өте маңызды. Ол ұзақ уақыт бойы сапалы майды ұтымды бағаға таба алмай келді. Сол кезде маған осындай өнім шығаруды өзім қолға алмаймын ба деген ой келді. Өйткені, қазір декреттік демалыстамын, уақытым көп, бір жағынан қосымша табыс та кедергісін келтірмес. Бір түн ішінде бизнес-жобаны жасап, аудандық Жұмыспен қамту орталығына жүгіндік, - дейді Динара Орымбаева. 

Жұмыспен қамту орталығы Динараны қос қолдап қолдап, грант алу конкурсына қатысуды ұсынады. Ол үшін оған «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша оқудан өтіп, өз жобасын қорғауы қажет болды. 

Ол гранттық қаржыны жазда алып қойғанымен, елімізде жарияланған карантиндік шараларға байланысты құрылғы кешігіп жеткізілді. Сол себепті кәсіпкер әйел алғашқы өнімін бірнеше апта бұрын ғана шығарды. Оның өнімін бірінші болып дегустациядан өткізген балалары болды. Бастапқыда жаңа өнімге сақтықпен қараған бүлдіршіндер кейіннен йогурт пен айранды сүйсіне ішетін болды. Динара өз өнімдерінің брендін жалғыз қызының атына сәйкестендіріп – «Milky Kamila» деп атады. 

Глубокое ауданында тұратын көпбалалы ана ерекше кәсіп бастады

Орымбаевтар отбасы пәтерде тұратындықтан, өз өнімдеріне шикізатты жақын маңдағы кішігірім шаруа қожалығынан алады. Осылайша, ол өзі ғана табыс тауып қоймай, жергілікті кәсіпкерді де қолдауда. 

Сүт өнімдерін өндіруді алғаш рет қолға алған Динара Орымбаева жұмыс барысында сүт пен майдан йогурт, айран және ерітілген сары май дайындап қана қоюға болмайтынына көзі жетті. Сүттің бір бөлігінен ірімшік дайындауға болады. Сондықтан кәсіпкер алдағы уақытта ірімшік қайнататын құрылғы сатып алуды да ойластыруда.


Өзгелердің жаңалығы