GlaxoSmithKline АИТВ дертін емдеуге қажет дәріні 25 есе арзан бағамен сатудан бас тартқан

11 Сәуір 2019, 22:55
1917
Бөлісу:
GlaxoSmithKline АИТВ дертін емдеуге қажет дәріні 25 есе арзан бағамен сатудан бас тартқан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. GlaxoSmithKline Қазақстанға халықаралық ұйымдар арқылы Долутегравир препаратының аналогын қазіргіден 25 есе арзан бағамен сатып алуға рұқсат ететін лицензияны беруден бас тартты. Бұл туралы ҚР ДСМ Баспасөз қызметі хабарлады.

 Долутегравирдің бір орамасының құнын 25 есеге дейін арзандатып, генерикалық препаратты 4,5 доллардан сатып алу туралы келісім БҰҰДБ халықаралық ұйымы мен СК-Фармация компаниясы арасындағы   ынтымақтастық аясында қол жеткізілген. Егер баға төмендегенде АИТВ инфекциясын жұқтырған науқастарды заманауи антиретровирустық терапиямен толық қамтуға мүмкіндік туар еді.

Алайда, патент иесі GlaxoSmithKline компаниясының өкілдерінің айтуынша, мұндай арзан Долутегравирті тек халқының табысы төмен немесе әлеуеттік, экономикалық жағдайы өте нашар мемлекеттер ғана сатып ала алады. Ал Қазақстанның кірісі орташадан жоғары болғандықтан, мұндай лицензия біздің елімізге берілмейді екен. Мәселен, жеңілдігі бар лицензияны Украина, Тәжікстан мен Өзбекстан алған.

Ал мемлекет бөлген қаржы еліміздегі АИТВ инфекциясын жұқтырған науқастың барлығын бірдей препаратпен қамтуға жетпейді. Денсаулық сақтау министрлігі осы мәселені шешу үшін СК-Фармация компаниясында Долутегравирді өндіретін GlaxoSmithKline өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізген болатын.

ҚР ДСМ Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекованың айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі аталған препараттардың бағасын түсіру арқылы пациенттерді аса қажетті антиретровирустық препаратпен толық қамтуды жоспарлаған.  

Алайда, ViiV Healthcare Ресей, ТМД, Таяу Шығыс пен Африка аймақтары бойынша коммерциялық директоры Джеймс Бринглон Долутегравирдің Қазақстанға арналған қазіргі құны онсыз да барынша төмендетілген деп отыр.

Пациенттер ұйымның өкілі, «Answer» қоғамдық қоры филиалының директоры Елена Растокинаның айтуынша, бүгінде Қазақстанда АИТВ-инфекциясын емдеуге арналған Долутегравирге тапшы. Қорда үш аптаға ғана жететін препарат бар. АИТВ-мен өмір сүретін пациенттерді емдеу сызбасын өзгерту қажет болуы мүмкін. 

«Бұл мәселе шұғыл шешуді талап етеді. Алматының өзінде қазір 700 пациент дәрі-дәрмексіз қалды», - деді Елена Растокина. 

Кездесу қорытындысы бойынша, Фармация комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова Денсаулық сақтау министрлігі препаратты арзан бағамен сатып алуға рұқсат етітін лицензияға сот арқылы қол жеткізуге тырысатынын хабарлады. Ал ViiV Healthcare компаниясы хат арқылы лицензияны Қазақстанға беруге тиым салу ниетінен таймайтынын, сондай-ақ, препараттың бағасы қазіргідей қалатынын жеткізді.


Өзгелердің жаңалығы