Бас жаңалықтар
Ғизат Нұрдәулетов Тоқаевқа есеп берді
19 Қазан 2020, 21:01 226

Ғизат Нұрдәулетов Тоқаевқа есеп берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовті қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа прокуратура органдары қызметінің басым бағыттары бойынша атқарылған жұмыстарының қорытындылары туралы есеп берілді.

Ғизат Нұрдәулетов Қазақстан Президентінің қылмыспен күресті күшейту,  құқық қорғау және өзге де органдардың құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету қызметін үйлестіру жөнінде жүктеген тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, өткен кезеңде елімізде қылмыс көлемі үш есеге жуық азайған. Ұрлық, қарақшылық шабуылдар, тонау және бұзақылық қылмыстары екі есе аз тіркелген.

Қазақстан Президентіне заңдылықты сақтауды қадағалау барысында прокурорлар сотқа дейінгі тергеу ісі бойынша 63 тұлғаға қатысты негізсіз қылмыстық қудалаудың тоқтатылғаны, сондай-ақ, тергеу мерзімін тоқтату және кейінге шегеру жөніндегі 17 мың заңсыз қаулының күшін жойғаны туралы мәлімет берілді.

Мемлекет басшысына бизнесті қорғау және бақылаушы органдар тарапынан кәсіпкерлік қызметке заңсыз кедергі келтірудің жолын кесу жұмыстары туралы баяндалды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың жекелеген саладағы қызметін реттейтін  заңнаманы сақтау жөніндегі тексерулердің нәтижелері бойынша прокурорлардың қабылдаған шаралары туралы мәлімет берілді.

Кездесу қорытындысы бойынша Президент Бас прокурорға бірқатар нақты тапсырма берді.


Фото: дереккөз
Загрузка...