Павлодарда алғаш рет гитара мен домбырада «Әлқисса» күйі орындалды

7 Шілде 2019, 18:13
2947
Бөлісу:
Павлодарда алғаш рет гитара мен домбырада «Әлқисса» күйі орындалды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодарда Ұлттық домбыра күніне орай Ertic Promenade сахнасында облыстың 150 күйшісі Құрманғазының «Балбырауын» күйін ойнады, деп жазды pavlodarnews.kz. 

Ertic Promenade-тағы «Күмбірле-күй домбыра» концертіне Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрі және Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның орындаушылары қатысты. 

Облыстың 150 күйшісі домбырамен жанды дауыста оркестрдің сүйемелдеуімен Құрманғазының «Балбырауын» күйін ойнады.

г2.jpg

13 жасар Тәттігүл Қасым Ертіс ауданынан өнер мектебінің басқа балаларымен бірге келген. 

«Біз өзіміздің домбыра ансамблімізбен мерекеге келдік. Мен Ertic Promenade-та өнер көрсеткеніммен мақтанамын. Домбыра ойнаумен төртінші жыл айналысып келемін. 15-тен астам күйді үйрендім. Оған қоса, вокал және хореографияны ұнатамын», - дейді Тәттігүл.

г1.jpg

Рүстембек Омаров атындағы оркестрдің бас дирижері және оркестрдің көркемдік жетекшісі, Қазақстанның мәдениет қайраткері Талғат Кәрімовтің айтуынша, өткен жылы өнер ұжымы Домбыра күнінде арнайы шақыртумен елордада өнер көрсеткен. Биыл оркестрліктер осы күнді павлодарлықтармен бірге атап өтуде. Мерекеге орай оркестр музыкалық сыйлық дайындаған. 

г3.jpg

«Біз алғаш рет оркестрдің сүйемелдеуімен гитарада және әріптесіміз Ризолла Садықовпен домбырада Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйін ойнаймыз. Алдымен тек домбыраның дауысы шығады. Гитараның және домбыраның рөлдерін бөліп алғанбыз. Гитараның пернелері басқаша келтірілген. Сондықтан домбыраның құлақ күйін гитараға келтірдік. Көрермендерге ұнайды деп үміттенеміз», - дейді гитарашы Артем Александров. 

Сонымен қатар, Ertic Promenade сахнасында «Шернияз» бен «Нұр» би топтары және филармонияның орындаушылары өнер көрсетті. 

Айта кетейік, Ұлттық домбыра күніне орай оркестр Рүстембек Омаровтың «Әсем ән мен тәтті күй» шығармасын орындап #DombyraChallenge челленджін бастаған. Челленджді облыстық барлық шығармашылық топтары қолдаған. 

Сондай-ақ, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде, облыстық көркемсурет музейінде жіне Майра Шамсутдинова атындағы ән-өнер шығармашылығы мұражай үйінде көрме ашылды. 

Өзгелердің жаңалығы