Бас жаңалықтар
GGG-дің келесі қарсыласы жапондық болуы мүмкін
08 Наурыз 2021, 21:24 491

GGG-дің келесі қарсыласы жапондық болуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бірінші орта салмақта бұрынғы әлем чемпионы Хайме Мунгия (36-0, 29 КО) келесі жекпе-жегін орта салмақта IBF және IBO белбеулерінің иегері қазақстандық Геннадий Головкинге (41-1-1, 36 КО) қарсы өткізбейді.

ESPN-нің мәліметінше осы жылдың бірінші жартысында GGG-мен жұдырықтасуы мүмкін болған мексикалық боксшы 24 сәуірде рингке оралады. Ол америкалық Димитриус Баллардпен (26-0-1, 13 КО) кездеседі.

Бұған дейін инсайдерлер Мунгия мен Головкиннің командалары келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлаған, ал кейбірі командалар 7 мамырда жекпе-жек өткізуге келіскенін мәлімдеген. Енді бұл жекпе-жек таяу уақытта өтпейтін болды.

Еске салайық, Мунгия кейінгі жекпе-жегін былтыр қазанда өткізіп, багамалық Туреано Джонсонды (21-3-1, 15 KO) алтыншы раундта нокаутпен жеңген болатын. Ал Головкин желтоқсанда поляк Камил Шереметаны (21-1, 5 КО) нокаутқа түсіріп, әлем чемпионы атағын 21-рет қорғап қалған болатын.

Әзірге спорт сарапшыларының болжамына қарағанда GGG-мен жұдырықтасуы мүмкін қарсылас ретінде жапониялық Риато Муратаның есімі аталды.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...