Германиялық мамандар сал ауруына шалдыққандарға көмек көрсетудің инновациялық әдісін үйретті

16 Мамыр 2019, 15:19
2512
Бөлісу:
Германиялық мамандар сал ауруына шалдыққандарға көмек көрсетудің инновациялық әдісін үйретті
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордаға Германиядан келген мамандар сал ауруына шалдыққан балаларды емдеу бойынша шеберлік сабағын өткізуде. 

Шеберлік сабағына Нұрсұлтан қаласындағы №1 Балалар үйінің, "Қасиетті жол" қайырымдылық қорының және  Атыраудағы "Болашақ" қоғамдық қорының мамандары қатысып жатыр. 

Төртінші күн өтіп жатқан шеберлік сабағының бүгінгі тақырыбы - кинестетика. Кинестетика - сал ауруына шалдыққан балаларға кәсибі көмек көрсетудің инновациялық әдісі деуге болады. 

"Кинестетика арқылы жаңа туған сәби күтімін жасауға, сал ауруына шалдыққа балалар мен ересектерге тереңірек көмектесіп, егде жасқа дейін олардың өз бетімен қимыл-қозғалыс жасай алуына мүмкіндік беруге болады. Кинестетика — өзіңнің және өзгенің денесін, қимылын дұрыс қабылдай білу туралы ғылым. Дені сау адам әрбір  қимыл-қозғалысы қалай жүзеге асатыны туралы ойламайды. Егер орныңнан көтеріліп, отырғың келсе - арқаңды көтеріп отырасың. Ал ауруға шалдыққан адам мұны істей алмайды. Кинестетика әдісі іс-қимылды бұлшықетке салмақ түсірмей, ауырсынуды болдырмай жасауды үйретеді. Ем-шара жасап жатқан бала іс-қимылды қалай жасайтынын түсіну үшін өзіңді сол баланың орнына қоя білуің керек. Сонда ғана оған қимылдауды дұрыс үйрете  аласың",  - дейді Германиядан келген маман Норберт Фельдман. 

Германиялық мамандар сал ауруына шалдыққандарға көмек көрсетудің инновациялық әдісін үйретті

Шеберлік сабағына қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, қандай тәжірибе алғандарын айтты. 

"Шеберлік сабағында  балаға салмақ салмай жұмыс істеуді, қимыл-қозғалыстар арқылы өзіңнің тәнің не сезетінін, сол арқылы баланың денесі не сезетінін  сезінуді үйрендік. Шеберлік сабағына қатысушылар екі-екіден бөлініп, біріміз нұсқаушы, біріміз сал ауруына шалдыққан бала рөлінде болып жұмыс істеп көрдік. Бұл сабақтар арқылы баланы дұрыс қимылдата білудің маңызын тереңірек түсіндік", - дейді дене тәрбиесі арқылы емдейтін  нұсқаушы Назира Исатаева. 

Бұл - елордада өткізілген алғашқы шеберлік сабағы емес. 

"Жылына екі рет мамандар шақырып, осындай шаралар өткізіп тұрамыз. Бұл біздің елдегі мамандар үшін өте маңызды ", - дейді "Қасиетті жол" қайырымдылық қорының баспасөз хатшысы Жадыра Қожахметова.
Өзгелердің жаңалығы