«Гендер, сексизм, саясат». 8 наурыз қандай мереке?

10 Наурыз 2019, 15:24
12913
Бөлісу:
«Гендер, сексизм, саясат». 8 наурыз қандай мереке?

Астана, BAQ.KZ тілшісі.  8 наурыз — Халықаралық әйелдер күнін атап өтуге қатысты қоғамдағы  пікір әр түрлі. 

Әйелдер күні — «халықаралық» па?

 

Германияда бір кезеңге дейін тойланып, қазір ұмыт қалған. Олар француздар секілді «Аналар күнін» атап өтеді. 

Болгарияда әйелдер бұл күнге аса назар аудармайды, тіпті тойлаудан бас тартып жатады. 

Қытайда 8 наурыз ешқандай раушан гүлі мен жауқазынсыз,  білінбей, тыныш өтеді. Бұл елде ерлер үшін 8 наурыз – толық, әйелдерге – жартылай жұмыс күні. 

Польшада қазір гүл беру де, митинг жасау да сәннен қалған. 

Италия мен Литвада 8 наурыздың мемлекеттік мәртебесі жоқ. Бірақ Италияда жыл сайын осы күні тек әйелдер жиналып, уақыттарын көңілді өткізгенді жөн көреді. Ертеректе  бұл елде атаулы күн —  әйелдер құқығын, еңбектегі теңдікті қорғау манифесімен жалғасса, бүгінде олар уақытын мейрамхана, клубтарда өткізеді. Литвада 8 наурызды тойлауды орыстілділер ғана жөн көреді.

Армения 8 наурыздан бас тартып, 7 сәуірді – «Ана мен сұлулық күнін» мереке күні деп белгіледі. Сонда да кеңестік кезеңнен қалған дәстүр бойынша 8 наурызда гүл беріп, сый жасайды. 
Вьетнамда 20 қазанда вьетнамдық әйелдер күнін атап өтеді. 

Жапонияда 3 наурыз күні «Хина мацури», яғни қыздар мерекесін тойлайды.

Ауғанстан секілді әлемнің бірнеше елінде бұл күннің алғашқы мәні сақталған. Олар мерекені ұлттық деңгейде атап өтіп, әйелдер құқығын қорғау, теңдікті талап ету наразылық акцияларын ұйымдастырады.

 Халықаралық әйелдер күнін Ресей, Беларусь, Украина, Әзербайжан, Молдова, Түркменстан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан секілді посткеңестік елдер тойлайды.

Түркменстан билігі бұл күнге ерекше көңіл бөледі. Осыған дейін ел президенті Гурбангулы Бердымухамедов барлық әйелге сыйақы тағайындаған болатын.

Қазақстанда бұл мерекені тойлау керек пе, жоқ па деген қарама-қайшылық бар. Бірі — ерлердің назар аударуын дұрыс деп санаса, бірі «сыйлықты қайтем, құқығымды қорғағым келеді» деп митинг жасауға әрекет етеді. 

«Қазақстанда бұл күні әйелдердің проблемалары қозғалмайды»

 

СДУ профессоры Молдияр Ергебеков екі жылдан бері Лейла Махмудова бастаған топпен бірге мереке қарсаңында FemАgora гендерлік теңдік фестивалін өткізіп келеді. Орта Азиядағы феминистік және гендерлік теңдікті жақтайтын ұйымдар қосылып, Орта Азия қоғамына әйел мәселелерін естіртуге, көрсетуге ұмтылып жатыр. 

«Гендер, сексизм, саясат». 8 наурыз қандай мереке?

«8 наурыз мерекесінің түптамыры сонау 1857 жылы Нью-Йорк қаласында болған. Тоқымашы еңбекші әйелдердің ереуілінен басталады. Соңы қайғылы оқиғаға ұласады. Сондықтан 8 наурыз Қазан  төңкерісінен кейін, әсіресе социалистік блокта еңбекші әйелдердің мерекесі ретінде тойланды. 60-70-жылдарға дейін еңбекші әйелдердің мерекесі болды. Сосын БҰҰ мерекені қабылдап, әйелдердің халықаралық күніне айналдырды. Неге? Өйткені патриархал әлемде тек қана еңбекші әйелдер ғана емес, жалпы үй жұмысымен айналасатын әйелдерден бастап әйелдердің саяси, мәдени, экономикалық және қоғамдық проблемалары бар екенін мойындады», - дейді профессор.

Ол БҰҰ мүше елдердің бәрі бұл мерекемен құттықтауға міндетті екенін, Қазақстанның сондықтан  қалыс қалмайтынын айтты.

Алайда елімізде әйелдерді советтік стильмен құттықтау әдісі әлі де бар дейді ол. 

«Совет одағы кезеңінде әйелдердің барлық проблемасын жойдық деген сенім пайда болды. Совет одағы кезінде әйелдердің мерекесінде гүл беру, сыйлық беру сияқты рәсімдермен құттықталды. Бұл дәстүр қазіргі Қазақстанда да жалғасын тауып отыр. 8 наурызда барлық әйелдерге гүл, сыйлық беріп құттықтаймыз. Бірақ әйелдердің ешқандай проблемалары қозғалмайды, айтылмайды. Негізінде елімізде әйел мәселелері өте көп. Оның ең негізгі себептерінің бірі – қоғамымыздың тым патриархал болуы. Әйелдердің экономикалық, мәдени, әлеуметтік және саяси тұрғыдан көптеген мәселелері бар. Соған байланысты азаматтық қоғам ұйымдары бұл мерекені өздерінше басқаша өткізуге ұмтылады», - дейді Ергебеков.

«Жұмысшы табына қосу үшін әйелдердің құқығын теңестіру жүрді»

 

Кәсіпкер, Astana ladies club клубының негізін қалаушы Әлия Жолболдина,  КСРО-да ІІ Дүниежүзілік соғыс кезінде ерлердің аз болуына байланысты әйелдерді жұмысшы тапқа қосу мақсатында кеңінен насихат жүргенін айтты.   

«Гендер, сексизм, саясат». 8 наурыз қандай мереке?

«XІХ ғасырда әйелдер теңдік үшін, құқығын қорғау мақсатында көтеріле бастады. Кеңес заманында бұл мерекенің бастапқы мәні кеміп, көктемді, нәзіктікті тойлау ретінде жалғасты. Ерлер бұл күндері гүл, сыйлықтар сатып алады. Тіпті әйелдер де бір-біріне сыйлық жасайды, себебі біз мұны Аналар күні ретінде қабылдаймыз. Мен бұл күннің бәрімізге ортақ мереке екеніне, атап өтуге қарсы емеспін. Біз 8 наурыздың гүл беру деңгейіне дейін қалмай, әйел құқығы мен проблемалары туралы айтуымыз керек. Кеше біз Қазақстандағы британ елшілігімен бірге Өскеменге барып, жергілікті белсенді, талапшыл 50 жуық қызбен кездестік. Оларға көшбасшы болу туралы айтып, әйелдер проблемасын талқылап, «уоркшоп» өткіздік», - дейді Жолболдина.

Ол әлемде әлі де гендерлік теңдік орнамағанын, патриархал әлемде өмір сүретінімізді атап өтті. 

«XVIII-XIX ғасырда әйелдер көйлек киіп, фортепианода ойнап, кітап оқып, ана атанып, үй шаруасын жасады. Бизнесті ерлер жасады, елді ерлер биледі. Қазақ қоғамында әйелдің орны ошақ қасында болса, ерлер мал бағу, аңшылық, сауда, әдебиетпен айналысты. ХХ ғасыр басында болған революцияда әйелдер де жұмыс істей алады деп көтерілді. ІІ Дүниежүзілік соғыс кезінде ерлер азайып, әйелдер жұмыс істеуі тиіс деген насихат жүрді. Соған сай олар тылда, зауыттарда қызмет жасады, университеттерге қабылданды. Осылайша оларды жұмысшы табына қосу үшін бұқаралық сипатта әйелдердің құқығын теңестіру жүрді. Олар сонда да мұғалімдік, дәрігерлік секілді мамандықтарда оқыды. Әліге дейін елімізде мұғалімдер мен дәрігерлердің 60% астамы – әйелдер. Саясат, ірі бизнес, топ-менеджерлік позицияларда олар өте аз. Әйелдер мен ерлердің потенциалын дамытуда бірдей мүмкіндік берілетін гендерлік  балансқа ұмтылуымыз керек. Барлығы бірдей лидер болмаса да, қоғам әр кішкентай балаға қалаған нәрсесін таңдауға, потенциалын дамытуға мүмкіндік беруі тиіс. Кішкентай қыз математика не инженерлік ғылыммен айналысқысы келсе, ал ер бала әйелдерге арналған мамандықты таңдаса — бұл қалыпты жағдай болуы тиіс», - дейді ол.

Әлия Жолболдина Astana ladies club клубының негізін қалаған. Бұл клубқа қазақстандық белсенді, талапшыл қыздар жиналған.

 «Мен радикал феминист емеспін. 8 наурызды жақсы көремін. Басқалар секілді жақындарыма сыйлық жасаймын. Жұбайым мен оянғанша үйге үлкен раушан букетін әкеледі. Клубтағы қыздармен кездесулер өткіземіз. Былтыр 800 адам қатысқан «Жайна» халықаралық әйелдер форумын өткіздік.  Биыл біз бұл форумды сәуірге қалдырдық. Мереке қарсаңында 3 наурызда өткізген әйелдердің көшбасшылығы бойынша интенсивке жүзге жуық әйел қатысты», - деді бизнес-тренер.  

«Әйелдің ең әлсіз тұсын жалаңаштайтын «мереке»

 

Журналист Бэлла Орынбетоватың пікірінше, 8 наурыз мерекесі қыз-келіншектер қауымына ілтипат білдіретін, қуанышты күн болуы тиіс. Алайда ол мұны толыққанды мереке емес деп санайды. 

«Гендер, сексизм, саясат». 8 наурыз қандай мереке?

«Себеп тіпті әлеуметтік желідегі ер-азаматтардың қылжаққа, мұңға толы посттары емес. Біздің медиада бұл күнді аналар, нәзік жандылар мерекесі деген пікір көп айтылады. Ал қалауымен не ана болу мүмкіндігі жоқ әйелдер ше? Ерлермен қатар ауыр тіршілік қамытын киіп жүрген қыз-келіншектер ше? Соңғы уақытта орын алған әлеуметтік-саяси оқиғалар біздің қазақстандық әйелдердің түгел дерлік «нәзік жанды» бола бермейтінін аңғартқандай. Әлеуметтік желіде сый-сияпатын жалаулатқан пост, құттықтаулар осындай әйелдердің жанына жара салмайтынына кепіл бола аласыз ба? Мен – жоқ. Бұл мереке дарақылық, қатыгездік мерекесі. Әйелді ұлықтау емес, керісінше ең әлсіз тұсын жалаңаштайтын «мереке». Жалғызбасты әйелдің жалғыздығын баттитатын, ана атана алмайтын әйелдің бедеулігін бетіне басатын, сорлы күйеуге тиген әйелдің сормаңдайлығын есіне салатын күн. Осы күндері әлеуметтік желіге көз салсаң екіжүзді қоғамның трагикомедиясын көресіз. Әр жазба, әр суреттің тек астарына үңіліңіз», - дейді журналист. 

«Сегізінші наурыз жынысына қарай кемсітетін мейрам емес»

 

 PR маманы Гүлім Оразбаева бұл мерекенің Қазақстанда әйелдерді кемсіту үшін тойланбайтынын айтты. 

«Гендер, сексизм, саясат». 8 наурыз қандай мереке?

«Әу баста ерлер мен әйелдердің еңбектегі және социумдағы құқықтары тең болуы үшін ондаған жылдар бойы күрескендер мақсатына жетіп, бұл күн мерекеге айналды. Қазір бұл күн негізінен аналар күні, нәзіктік мейрамы боп тойланады. Қазір Қазақстанда бұл датаның бастапқы идеясынан дым қалмаған. Мерекеге дейін екі-үш күн бұрын гүл саудасы қызады, корпорациялық тойлаулар өтеді, ерлер әйелдерді «әрқашан осындай әдемі болып, гүл жайнап, бізді қуантып жүре беріңдер» деген тілектерімен құттықтайды. Жалпы, жынысы әйел адамдарды ұлықтап, әсіресе, көп бала туғандарға мейлінше көп назар бөледі», - дейді Гүлім Оразбаева. 

Гүлім бұл мерекені социализм орнаған немесе социалистік тарихы бар елдерде тойлау қалыптасып қалғанын, осы себепті негізінен саяси мереке деуге келетінін айтты. 

«Бұл қазақтың мейрамы емес деп көбігімізді шашқанымызбен, ол кеңестік саясатпен келген әдемі мереке. Кеңес үкіметі әйелдерге теңдік әкелген – мұны мойындамай көріңіз. Ал сексизм – ұлт қанында. Қазақ қоғамындағы әйел еркін болған, қызды құт деп қабылдаған, құсындай мәпелеген деп қанша жерден ұрандатқанымызбен, әйелдің орны бөлектеу, төмендеу болған. Өте-өте сирек, көзі ашық, еуропалық тәрбиеге жақын ер-азаматтар ғана әйел адамға тең қарай алған. «Байтал шауып бәйге алмас» деген сияқты мақал–мәтелдер соның бір айғағы. Бірақ бұл мерекені әйелдерді кемсіту үшін тойлайтын қазақты көрмеппін. Сондықтан, 8 наурыз – саясат дегенмен келісемін, сексизм дегенмен келіспеймін», – деп айтты PR маманы.

Ол гендерлік теңдік күні кеше ғана келмегенін, Кеңес үкіметі орнаған кезде әйелдер ерлермен теңесе бастағанын, сайлау құқығын алып, біраз жеңілдіктерге ие болғанын жеткізді. 

«Қазір жұмысты әкесін танытып еркектермен бірдей істейміз, жалақысы ерлердікінен көп әйелдер аз емес. Клара Цеткин бастап кеткен күрестің, гендерлік саясаттың нәтижесінде, зейнеткерлікке шығу жасымыз да теңестірілді. Жалпы өзімді рационал сексист деп атаймын. Яғни, гендерлік жаңылыстар бар, бірақ олардың нақты түсініктемелері де бар деп сенемін. Айталық, әйелден шыққан ғалым аз дейді. Рас. Бірақ бұл әйелдер еркектерге қарағанда топастау деген сөз емес. Әйел ғалымдардың аз болу себебі қарапайым: өйткені социум, дін және салт-дәстүр әйелдерді «байға ти, балаңды бақ, отбасыңның қамын ойла» деп шектеп тастаған. Қазір еркін дәуір орнады, әйелдер байға тие ме, бала туа ма, жоқ, ғылыммен айналыса ма – өз еркі. Дәл қазір ақылды, ғұлама әйелдерді танып, біліп жатырмыз. Әйелдер қатырып карьера жасай алмайды дейді. Оның да әбден түсінікті себебі бар, ол – физиология. Әйелдердің әр жас кезеңіне түрлі физиологиялық құбылыстар тән, біз табиғи гормоналдық «шоктарға» үнемі ұшырап отырамыз: есейетін шағымызда, әр баламызды туған сайын, менопауза, климакс кезінде. Ерлерде мұның ешбірі жоқ, таңертеңнен кешке дейін ғылымымен, бизнесімен, карьерасымен айналысуына ешнәрсе кедергі емес. Бірақ табиғат барлығын ойластырып қойған, екі жыныстың да функциялары маңызды: еркек мамонт аулайды, әйел – ошақ басында. Еркек бала-шағасын асырай алуы керек, әйел дені сау ұрпақ туып беруі керек. Бірақ, сенің орның – «кухня», мамонт аулауға ақылың жетпейді деп кемсіту кейін пайда болған нәрсе. Оған діннің де «сіңірген» еңбегі мол», - дейді ол.

Оразбаева 8 наурыздың бастапқы идеясы мүлдем жоғалғанымен, жынысына қарай кемсітетін мейрам емес деп санайды. Оның пікірінше, бұл әйелдерге салтанатты жағдайда әдемі тілектер, аналарға рахмет айтылатын, сыйлық жасайтын күн. 

«Жалпы алғанда, макарон күні, мысықтар күні, әйелдер күні, гермафродит күні, аутистер күні, СПИД күні – жай ғана атаулы даталар. Оның әрқайсының пайда болу тарихы, белгілі бір топтар үшін маңызы бар. Біреу «әйелдер күнін тойлап қойыпты» деп шатақ шығарып жатса, ол оның ақылының таяздығынан ғана. Феминистерге ұнамаса, тойламасын. Бұл сексистік мейрам деп санайтындар да тойламасын. Өз еркі. Бірақ әкем үйге торт әкеліп, мамамды бір шоқ гүлімен сыйлап жатса, бұл оның құрметі мен сүйіспеншілігі ғана, сезімін жариялай бермейтін адам үшін тіпті ерлік, керек десеңіз. Біреу бастама білдіріп, тойлайық десе, қосылып тойлаймын, ешкім құттықтамаса – қайғырмаймын. Ерлер жылына бір рет әйелдерді сыйлықтарымен қуантып жатса, тіпті қарсы емеспін. Нәзікжанды екеніміз өтірік емес, бұл менің шымбайыма бататын сөз де емес», - деп сөзін түйіндеді PR маманы.

«Кеңес үкіметі бұл күнді атап өту керек деп тәрбиеледі»

 

Астана тұрғыны, үш қыз, үш ұлдың әкесі Жаңабай Жүнісбеков бұл күні отбасындағы әйелдерге қандай сый жасайтынын айтып берді.

«Бізге Кеңес үкіметі кезінен осылай қыздарды, әйелдерді құрметтеп, осы күнді атап өту керек деп тәрбиеледі. Бай мен кедей, әйел мен еркек тең,  әйелдер күні ерекше мейрам деп үйретті. Осылай қыздарды құрметтеп өстік. Кішкентай кезден бойға сіңіп, қалыптасып кетті. Бұл күні әйелдер де ерекше бақытты болып кетеді. Жалпы әйелдер қауымын 8 наурызда ғана емес, барлық уақытта бірдей құрметтеу керек деп ойлаймын. Қыздар мерекесінде бұрын біз жұмыс істейтінбіз, оны сыйластықытң белгісі деп білемін. Қыздың жолы жіңішке деген қағида бар. Құрмет, ізет көрсету керек, ерекше бағалау керек», - дейді қала тұрғыны.

Ол бұл күнді қалай атап өтетінін айтып берді. 

«Баяғыдан келе жатқан дәстүр бойынша бұл күні қыздарды ас үйге кіргізбейміз. Олар сыртта қыдырып жүреді. Үйді өзіміз жинаймыз. Ас үйде тамақ істеймін, балаларым көмектеседі. Барлығын дайындаған соң кешке үстел жаямыз. Кешкісін бәріміз дастархан басына жайғасып, сый-сияпатымызды береміз. Қолдан құттықтау хаттарын жасаймыз. Балалар концерттік бағдарлама қойып береді», - дейді Жүнісбеков. 

P.S. Қазақстандық Feminita феминистік бастамасының негізін қалаушылар Гүлзада Сержан мен Жанар Серкебаева бұл күні әйелдердің проблемаларын талқылап, оны болашақта шешуіміз керек деп санайды. Бұқаралық шаралар өткізіп, сөздеріне құлақ түруді мақсат еткен топ 8 күні Алматы әкімдігіне қалада бейбіт шеру өткізу туралы өтініш берді. Бірақ әкімдік шеру өткізуге сұраған «Астана» алаңы мұндай шараға арналмағанын айтып, рұқсат бермеді.

Назерке Абибулла

Өзгелердің жаңалығы