"Гарант-24" ломбардын жарнамалап, алданып қалған жұлдыздар пікір білдірді

23 Ақпан 2020, 13:07
2864
Бөлісу:
"Гарант-24" ломбардын жарнамалап, алданып қалған жұлдыздар пікір білдірді
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Гарант-24" ломбардының жарнамасына түскен танымал қазақстандық актерлар әшкере болған компанияның алаяқтық әрекеттеріне қатысты әлеуметтік желідегі парақшаларында пікір білдірді. 

Асылхан Төлепов "Біз де сіздер секілді алдандық" деп барша халықтан осындай жарнамаға қатысқаны үшін кешірім сұрады. Белгілі актердің бауыры Артур Төлепов пен достарының сөзіне еріп барған әнші Айқын Төлепберген және вайнер Мейіржан Туребаев та алданғандарын хабарлады. 


Қазір Астана қаласындағы Есіл аудандық Ішкі істер басқармасындамын. Арыз жаздым. Заңсыз жолмен менің көлігімді алып қойды. Өкінішке орай, мен де зардап шекендердің қатарындамын, - деп мәлімдеген Мейіржан Туребаев Instagram-дағы жеке парақшасында компаниямен жасасқан келісімшартын, құжаттарын көрсетті.

Жарнамасына түсіп, қазіргі таңда жәбірленуші атанып отырған актер Асылхан Төлепов те түсініктеме берді. 

Біріншіден, баршаңыздан осындай жарнамаға қатысқанымыз үшін кешірім сұраймыз. Біз де сіздер секілді алдандық, бізді де алдап соқты. Бізді танысымыз арқылы жарнамаға шақырды, біз де жарнамаға түспес бұрын әріптестерімізден сұрадық. Олар тақтайшаға жазып бәрін көрсеткен. Системасын көрсетті. Құжатын, барлығын көрдік. Біз де таңғалдық нарықтағы бағадан арзан сатып, сіздерден қымбат сатып аламыз деген сияқты. Біз таңғалғаннан кейін қызығып, жарнамасына түсіп, біз де қазіргі таңда жәбірленуші атанып отырмыз, - деп түсіндірді жағдайды Асылхан Төлепов.

Оның бауыры Артур Төлепов те "асып-тасып жүрмегенін" және пайызын көргеннен кейін қызыққанын жасырмады. 

Өз басым үйдегілерге айтып, біздің халыққа жақсы дүние шыққан екен, ақшамызды тапсырайық, барайық деп барлығын көндірген мен болатынмын. Біз де өздеріңіз сияқты салымшы болдық, мінекей, - деп құжаттарын көрсетті Артур Төлепов Instagram-дағы парақшасында. 

Ағайынды Төлеповтер отбасынан 13 миллион теңге ақша шыққанын айтты.  

Бізге де оңай соққан жоқ. Интернет желісінде "Әртістерді жазалау керек", "Олар халықты сендіре білген" деп жатыр. Құрметті ағайын, біз де өздеріңіз секілді қарапайым азаматтардың біріміз, біз де жақсы жағына шыққымыз келген, үстінен ақша көргіміз келді. Сондықтан барлығыңыздан басымызды иіп, кешірім сұраймыз, - дейді олар.

Бұдан басқа, әнші Айқын Төлепберген де бұл компанияның жарнамасына түскен. 

Бұл компанияға ешқандай да қатысым жоқ. Сіздер секілді мен де алданып отырмын. Мені сол компанияға досым апарған. Қымбатқа көлік сатып немесе арзанға сатып ала аласың деді. Құжатын көріп, көз жеткіздім. Олардың Қазақстанда филиалы көп екеніне көз жеткіздім. Келісімшарттарын көрдім. Көптеген көлік пен пәтер сатып алынғанын көрдім, - деп өзінің алданып қалғанын айтты. 

Айқын компанияның "ақша өткізіп, пайызын алып отыру" туралы жүйесін тіпті естіп-білмегенін. Ол ұйымды "мен ломбард деп ойладым" дейді. 

Кәдімгі қымбаттырақ сомаға өткізуге болатын деп ойладым. Мен өзіме бір арзандау көлік беретінін күттім. Алдандым. Енді досым да алданғанын айтып отыр. Бірнеше досым сол жақтан шын мәнінде арзанға көлік алған еді, қымбатқа сатқан достарым да бар. Сондықтан олардың жарнамасына түскен едім, - деп түсіндірді жағдайды әнші.

Еске сала кетейік, бұған дейін Атырау, Павлодар, Ақтау, ШҚО, Тараз және Қарағандыдағы "Гарант-24 Ломбард" ЖШС аймақтық филиалдарының басшылары ұсталған. "Алаяқтық" және "қаржы пирамидаларын құру" баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Өзгелердің жаңалығы