Бас жаңалықтар
Футболда жалақы ешқашан мәселені реттей алмайды – сарапшы
15 Мамыр 2019, 12:11 145

Футболда жалақы ешқашан мәселені реттей алмайды – сарапшы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Кезінде «Қайрат» сапында ұзақ жыл қорғаушы болып ойнаған Юсуп Шадиев бүгінгі таңда отандық футбол сарапшыларының бірі. Танымал маман қазақ футболындағы проблемалар туралы пікірімен бөлісті.

– Бізге дәл қазір «жаңа леп» керек. Қазақстанда соңғы 5-6 жылда ойнап жүргендерді жаттап алдық. Бәрі көзге үйренішікті футболшылар. Таңдау аз. Талантты жастарды байқай қоймаймыз. Футбол федерациясы көп жұмыс істеп жатыр. Бірнеше турнир ұйымдастырып жүр. U-17, U-19, U-21 секілді әртүрлі жас категориялар бойынша оқу-жаттығу жиындары да жиі өтіп тұрады. Меніңше, бұл жерде бізге лимит керек тәрізді.

– Нақтырақ айтып өтсеңіз?

– Қайрат Боранбаевтың ұсынысын қолдаймын. Ол Қазақстан премьер-лигасындағы легионерлердің санын бесеуге дейін азайтуды ұсынды. Дәл осы нұсқа бізге дәл келеді деп ойлаймын. Екі қолымды көтеріп қолдаймын. Яғни бес легионердің үшеуі алаңда ойнайды, екеуі қосалқы құрамда отырады. Әйтпесе, қазір алтауы алаңға шығады, тағы үшеуі қосалқы құрамда отыр. Бұрын бізде лимит болған кезде бәрі сынаған. Футбол клубтарында 21 жасқа дейінгі бір ойыншы міндетті түрде алаңда ойнауы керек. Әйтпесе, таланттардан айырыламыз. Өйткені, легионерлер жүрген кезде оларға мүмкіндік берілмейді.

Қазір барлық клубтардың көшбасшы ойыншылары шетелдіктер. Отандық футболшылардан жалғыз Исламхан ғана бар. Сосын Мұртазаев, Мұжықов алаңға жиі шығатын ойыншылар. Логвиненко бұрынғы бабына келе алар емес.

Бұрын біз «Қайратта» ойнағанда Мәскеуден келетін ойыншылар көмектесетін. Соның арқасында Құралбек Ордабаев, Сейілдә Байшақов, Вахид Масудовтар шеберліктерін шыңдай түсті. Қазіргі шетелдік ойыншылар ондай емес. Отандық футболшыларды өздеріне бәсекелес санайды. Оның үстіне премьер-лига клубтарының көбісін шетелдік бапкерлер жаттықтырады.

– Мүмкін, футболшылардың жалақыларын азайтып, шектеу қою керек шығар?

– Жалақы ешқашан мәселені реттей алмайды. Бәлкім, ресми түрде 1000 доллар жалақы белгілеуі мүмкін. Бәрібір де «қара касса» жұмыс істей береді. Тағы да қайталап айтамын, Боранбаев айтқандай бес легионерден асырмау керек. 1995-1996 жылғы жастар қайда? Сол секілді 1993-1994 жылғы футболшылар да тым аз. Қазіргі кезде 12 клубқа отандық футболшыларды жинасаң, сапаны айтпай-ақ қояйын, саны жағынан да жетпейді. Ал лимит болған кезде футболшылар көп еді. Мысалы, 1987-1988 жылғы буынды айтуға болады. Қазір Исламхан, Мұжықов немесе Қуаттың біреуі жарақат алса, олардың орнын басатын ешкім жоқ. Федерация барлығын реттей алмайды, жергіліктер әкімдіктер араласу керек. Қарағанды, Павлодар футболы бұрын қандай еді? Бүгінгі таңда жылына 2-3 рет бапкер ауыстырады. Жергілікті бапкерлерге мүмкіндік бермейді. Әйтпесе, керекулік Талғат Байсуфиновтың шетелдіктерден несі кем? Жыл сайын жағдай құлдырап барады.

– Легионерлердің санын азайтсақ, қазақ футболын дамыта аламыз деп ойлайсыз ба? 

– Англиядағы жүйе қажет. Футбол отанында жүрген легионерлердің 70%-ы ұлттық құрамаларында ойнайды. Қазақстанда тек «Астана» мен «Қайратта» ғана сапалы легионерлер бар. Әсіресе, «Астанада». Саян Хамитжанов жақсы құрам жинақтады. Басқаларында саны бар, сапасы жоқтар өріп жүр.


Фото: дереккөз

Сізден жаңалық