Бас жаңалықтар
Франция елшісінің кеңесшісі: Мен үшін Қазақстан – Абай!
24 Қаңтар 2019, 15:21 1467

Франция елшісінің кеңесшісі: Мен үшін Қазақстан – Абай!

Астана, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасына Ұлы дала елі ретінде Францияның мәдениеттанушылары мен тарихшылары үлкен қызығушылық білдіруде. 

Бұл туралы Елбасы кітапханасына келген Қазақстан Республикасындағы Француз Республикасы елшілігінің мәдениет және серіктестік мәселелері бойынша кеңесшісі Лор Кастен мәлімдеді. Кастен ханым қазақ мемлекеттігінің тарихын, әсіресе ХІХ-ХХ ғасырлар кезеңін ерекше қызығушылықпен оқып жатқанын атап өтті.

"Қазақстанға алғаш келуім. Бес айдан бері екі елдің арасындағы мәдениет және серіктестік мәселелері бойынша жұмыс істеп жатырмын. Бүгін сәні жарасқан Назарбаев орталығында болып, мемлекеттің тарихына сүңгіп кеткендей күй кештім. Елбасы кітапханасында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың марапаттар экспозициясы ерекше әсер етті. Бұл жерді асықпай, әр экспонаттың қызықты тарихына үңіле отыра аралау керек", - дейді Лор Кастен.  

Сонымен қатар, Франция өкілі бүгінде екі ел арасындағы іскерлік және мәдени байланыстар өте жоғары деңгейде екенін, алайда оны, әсіресе, білім мен туризм саласында тереңдете түсу керектігін атап өтті.

"Туыстарым мен достарыма Қазақстан туралы айтқанда, ең бірінші ауызға ілігетіні  -  қазақ халқының шексіз қонақжайлылығы, қонақ күте алуы, жайдары мінезі мен кеңпейілділігі. Соған қоса Қазақстан мен үшін Абай ұғымымен егіз. Оның шығармалары өмірлік философиясының тереңдігімен жаныңды баурап алады. Әр кеш сайын достарыма Қазақстан туралы фотосуреттер жіберемін. Бұл кез-келген халықтың дәстүрі мен мәдениетін кең танытып, паш етудің ең бір жылдам тәсілі десе де болады. Бұған тым әуестеніп кеткенім сондай, жіберген суреттер мен айтқан мәліметтерден кейін туыстарым мен достарым Қазақстанды қатты көргісі келетін болды" - дейді ол.

Сізден жаңалық