Франциялық қазақтар: Қазақстанның латын графикасына ауысуы біз үшін қуаныш

10 Сәуір 2019, 09:12
3179
Бөлісу:
Франциялық қазақтар: Қазақстанның латын графикасына ауысуы біз үшін қуаныш

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Отандастар қоры» КЕАҚ Франциядағы қазақ диаспорасымен кездесті.

Қор өкілдері Франциядағы қазақтарға Елбасының 5-ші Дүниежүзі қазақтары құрылтайындағы тапсырмасымен құрылған «Отандастар қорының» мақсат-міндеттерімен таныстырды.

Франциялық қазақтар: Қазақстанның латын графикасына ауысуы біз үшін қуаныш

«Отандастар қоры» КЕАҚ Президентінің кеңесшісі Мағауия Сарбасов өз сөзінде кездесуді ұйымдастырған Қазақстанның Франциядағы өкілетті елшісі Жан Ғалиев мырзаға және елшілік ұжымына алғысын білдіріп, Қор қызметінің жалпы ұстанымы мен жоспар-жобаларына тоқталды.

«Қазақ елі Тәуелсіздік жылдарында алыстағы ағайынға қолдау көрсетуді естен шығарған емес. Елбасы тапсырмасымен құрылған «Отандастар қоры» соның айқын дәлелі. Қор елге оралған қандастармен бірге, шетелдегі қазақ диаспорасын қолдау бағытында жұмыс істейді. Ол, өз кезегінде, жырақтағы отандастарымыздың құқығын қорғау, мәдени және зияткерлік әлеуетін сақтау, қазақ диаспорасымен мәдени, іскерлік және басқа да байланыстарды нығайту, сондай-ақ тарихи отанға оралуға ниетті қандастарға қолайлы жағдай жасау сынды мақсаттарды қамтиды», - деді Мағауия Сарбасов.

Франциялық қазақтар: Қазақстанның латын графикасына ауысуы біз үшін қуаныш

Кездесу барысында қандастарымыз көкейтесті мәселелерін жеткізіп, Қор өкілдерінен олардың шешілу жолын қарастыруын өтінді. Мәселен, Мұстафа Шоқай атындағы қазақ-француз «Достық» қоғамының төрағасы Яшар Динч мырзаның айтуынша, Франциядағы қазақ қоғамына латын қарпіндегі қазақ кітаптары мен қазақ-француз сөздіктері ауадай қажет. Туған тілін меңгеруге ниетті қандастарымыз Қазақстанның жақын күндері толығымен латын қарпіне өтетіндігіне, сондай-ақ жырақтағы қазаққа қолдау көрсетуге бағытталған «Отандастар қорының» құрылғанына ризашылық білдірді.

Францияға іссапары аясында Қор өкілдері қазақ диаспорасының Ұлыстың Ұлы күні Наурыз думанына, Франциядағы этникалық қазақтардың құрама командасы ойнаған футбол лигасына қатысып, Париждегі Мұстафа Шоқайдың ескерткішіне барып, гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ, «Қорқыт» тұңғыш қазақ мәдениет орталығының жұмысымен танысып қайтты.

Сонымен қатар, Қор өкілдері Франциядағы асыранды қазақ балаларының отбасы жағдайымен танысып, олардың қазақ тілін, мәдениетін, тарихын меңгеру мүмкіндіктері жайлы біліп қайтты.

Франция – Еуропадағы қазақтардың ең көп шоғырланған жері. Мұнда жалпы саны 2000-нан астам қандасымыз тұрады.

Өзгелердің жаңалығы