Францияда санитарлық паспортқа қарсы наразылық акциясы өтті

1 Тамыз 2021, 11:35
825
Бөлісу:
Францияда санитарлық паспортқа қарсы наразылық акциясы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Париж көшелеріне он мыңнан астам адам наразылыққа шығып, коронавирус санитарлық паспортына қарсылық білдірді. Бұл туралы azattyq.org хабарлады.

Олар ел президенті Эммануэль Макронның коронавируспен күрес шараларына наразы.

Мемлекет басшысы адамдарды екпе салдыруға шақырып, көнбегендерге шектеулер енгізуді ұсынған. Ал осы аптада ел парламенті жаңа заң қабылдап, ол бойынша денсаулық сақтау саласының қызметкерлері вакцина салдыруға міндетті болып шықты. Ал дәмханалар мен барларға кіргенде, пойызға отырғанда, музей мен кинотеатр секілді жабық орындарға барғанда санитарлық паспорт көрсету қажет болды. Санитарлық паспортта кісінің не теріс нәтижелі ПТР анықтамасы бары не толық вакциналанғаны көрсетіледі.

67 миллион халқы бар Францияда халықтың жартысына жуығы толық вакциналанған. Бірақ әлемде коронавирустың «дельта» шытамы тез тарап, доминант нұсқаға айналған тұста 30 шілде күні елде 24 мың науқас тіркелген. Бұған дейінгі айларда күн сайын небәрі бірнеше мың ғана науқас анықталатын болған. Ел билігі жауап ретінде коронавируспен күрес шараларын күшейтуді жөн көрді. Бірақ мұнысы наразылыққа тап болды.

Жиын салыстырмалы түрде бейбіт өтті. Бірақ кей жерлерде шерушілер полициямен қақтығысы да орын алды.
Associated Press агенттігінің мәліметінше, Францияда қарсылық акциясына 200 мыңнан астам адам, ел астанасы Парижде 14 мыңнан астам адам қатысқан. Мұндай акциялар елде үшінші апта қатарынан өтуде.

Айта кетейік, пандемия басталғаннан бері елде коронавируспен 6,2 миллионға жуық науқас тіркеліп, оның 112 мыңы қайтыс болған.

Өзгелердің жаңалығы