Бас жаңалықтар
«FM Kiryu» жапон радиосында Димаштың әндері шырқалады
29 Қыркүйек 2020, 13:37 162

«FM Kiryu» жапон радиосында Димаштың әндері шырқалады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазан айының 1-нен бастап жапондық «FM Kiryu» радиожелісінің «More Music», яғни үлкен әуендер деп аталатын бағдарламасында қазақстандық Димаш Құдайбергеннің әндері шырқалатын болады.

«FM Kiryu» желісі 2007 жылы алғаш рет эфирге шықты.

Ал «More Music» – тыңдарманға әлемдегі ең үздік әндерді жеткізетін бағдарлама. Бір айда екі рет қана эфирге шығады. Бағдарламаның 1 қазандағы арнайы шығарылымы «Dimash special feature» деп аталады. Қазақстандық әншінің «Аққуым», «Across Endless Dimensions», «Restart My Love», «War and Peace» әндері шырқалады. Келесі күні қазанның 2-де бағдарлама қайталауы өтеді.


1 қазан күнгі бағдарлама уақыты:

Нұр-Сұлтан уақытымен 16:06-ден-16:59-дейін;

Мәскеу уақытымен 13:06 –ден 13:59-дейін;
Киев уақытымен 13:06 -ден 13:59-дейін;
Токио уақытымен 19:06-ден 19:59- дейін.

2 қазан күнгі қайталау уақыты:

Нұр-Сұлтан уақытымен 10:06-ден-10:59-дейін;
Мәскеу уақытымен 07:06 -ден 07:59-дейін;
Киев уақытымен 07:06 -ден 07:59-дейін;
Токио уақытымен 13:06-ден 13:59- дейін.

Маусым айында «FM Kiryu» радиосы, Жапон Dears өтінішімен Димаштың «Screaming» әнін эфирге шығарды. Қазақстандық өнерпаздың дауысын естіген радио жүргізушілер таңдай қағып, үлкен әсер алды. Эфир барысында оларға тыңдармандар хабарласып, алғыстарын білдіріп, оң пікірілер айтылды.

Бірінші трансляциядан соң жапондық жанкүйерлер сүйікті әншілерінің туындыларын радиожелі арқылы тағы да шырқалуын сұрап, ұсыныс білдірді. Алғашында қазақ ұлының бір ғана әні қойылса, енді  «Dimash special feature» арнайы бағдарламасында Димаштың төрт бірдей туындысы трансляцияланады.

Жапонияда авторлық құқық қатты қадағаланады. Сондықтан радиодан берілетін әндердің санына шектеу қойылады. Алайда Димаштың фан-клуб өкілдері сүйікті әншілерінің туындыларын радиодан беру үшін бар күштерін салды. Олардың ең бірінші қалауы «Аққуым» әні.

Жапониядары Dear-лар өз елінің радиосынан қазақ тіліндегі әуеннің орындалуына қол жеткізді.

Димашқа қаншалықты қарасақ, оның вокалдық қабілеттеріне соншалықты таңданамыз. Сондықтан біз оның жұмысына қолдау көрсетуге дайынбыз әрі оны жүзеге асырғанымызға қуаныштымыз! - деп жазды радиобағдарлама жүргізушісі Като Кадзуджи Димаштың фан-клубына.
Мұндай жылы хабарлама алған олар Димаштың әні жапон радиосында әлі де әуелейтініне сенімді.


Фото: дереккөз
Загрузка...