FlyArystan бір жылда 900 мыңға жуық билет сатты

18 Ақпан 2020, 17:11
1152
Бөлісу:
FlyArystan бір жылда 900 мыңға жуық билет сатты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алқа мәжілісі өтті. Іс-шара аясында вице-министр Берік Камалиев жолаушылар тасымалы саласы туралы айтты. 

Алып сатарлар үшін әкімшілік жаза қайта оралды. Енді билетті заңсыз сатқан жеке және заңды тұлғалар үшін 100-500 АӘҚ көлемінде айыппұл тағайындалды. Сонымен қатар билеттерді сатуға арналған және сатып алуға шектеу қоятын Mobius жүйесі енгізілді. 2019 жылы жолаушыларға арналған вагондар паркін жаңарту және билет тапшылығын азайту мақсатында жаңа 109 вагон сатып алынды. Олар кейін Маңғыстау-Алматы, Нұр-Сұлтан-Атырау, Нұр-Сұлтан-Сарыағаш, Алматы-Атырау және т.б. бағыттарға жіберілді. Енді 2025 жылға дейін 600 жолаушылар вагонын сатып алуды жоспарлап отырмыз, - деді Берік Камалиев.

Оның сөзінше, еліміздің азаматтық авиация саласы да 2019 жылы даму мен өсім көрсеткен. 

2019 жылдың қорытындысы бойынша 8 миллионнан астам жолаушы тасымалданды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 пайызға көп. Әуежайда қызмет көрсетілген жолаушылар саны 18 миллионға жуық адам болды. Елімізде 16 ұшып-қону жолағы және 13 әуежай терминалы қайта жөндеуден өтті. Ішкі рейстердің билет құны 12 пайызға арзандады. Бағаны арзандату және бәсекелестікті арттыру мақсатында отандық FlyArystan лоукостері жұмыс істей бастады. 2019 жылдың қорытындысы бойынша компания 900 мыңға жуық билет сатқан. Оның 50 пайызға жуығы – 10 мың теңгеден арзан билеттер, - деді вице-министр. 

Оның айтуынша, халықаралық деңгейде бәсекелестікті арттыру үшін еліміздің 11 әуежайында "Ашық аспан" режимі іске қосылды. 

Қазіргі кезде Қазақстанның 26 мемлекетпен, 99 халықаралық бағыт бойынша әуе қатынасы бар. Өткен жылы 12 бағыт ашсақ, биыл тағы 14 бағыт ашуды көздеп отырмыз. Осыған қоса биыл Air Astana компаниясы Алматы-Париж және Алматы-Мумбай бағыттары бойынша әуе қатынасын ашуды жоспарлап отыр, - деді Берік Камалиев.

Өзгелердің жаңалығы