Бас жаңалықтар
20 күнде FlyArystan 5 мың жолаушыны тасымалдап үлгерген
20 Мамыр 2019, 17:04 403

20 күнде FlyArystan 5 мың жолаушыны тасымалдап үлгерген

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстандық FlyArystan тұңғыш лоукостері 20 операциялық күннің ішінде Тараз қаласынан өзге аймаққа және өзге аймақтан Тараз қаласына 5000 жолаушыны тасымалдап үлгерген. Заманауи Airbus A320 ұшағы Алматыдан Таразға және кері қарай 40 рейс орындады. 

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында әуе компанияның баспасөз қызметінің менеджері Ләззат Нәбиева айтты. Ол жаңа лоукостердің билет сатылымдары 29 наурызда басталғанын еске салды. Әуе тасымалдаушы Алматы-Тараз-Алматы бағыты бойынша біржақты билеттерді алғашында 4999 теңгеге сатса, кейін оның құнын 3999 теңгеге түсірілген. 

«Лоукостердің қызметі қазақстандықтар үшін жер үсті көліктеріне тамаша альтернатива болды. Олар қолжетімді әуе сапарларға қызығушылық білдіріп, белсенді түрде пайдалана бастады. Мереке мен демалыс күндері сұраныс жоғары болатындықтан, билетті алдын ала брондауға кеңес беремін. Өйткені, билет бағасының секунд сайын өзгеріп отыруы әлемдік тәжірибеде бар. Баға тұрақты бола бермейді», - деген Ләззат Нәбиева билет бағасы тиімді кезінде алып үлгеру керектігін де ескертті. 


Фото: автордан

Спикердің айтуынша, қаражат үнемдеудің тағы бір амалы – орынды таңдау, жол жүк қызметтерін билетті алған бойда сайттан сатып алу. Себебі, әуежайда тіркеу кезінде дәл осы қызмет түрі бірнеше есе қымбаттап кетеді. 

Айта кетейік, былтыр құрылған алғашқы отандық лоукостер жолаушыларға әлемнің бюджеттік компаниялары тәжірибесіне сай арзан бағада қызмет көрсетеді. Ал қалаған орынды таңдау, жол жүкті алу, борттық тағамға тапсырыс беру сынды қызмет түрлерін қосымша ақы төлеу арқылы ұсынады. 

FlyArystan әуепаркі 180 орынды 4 Airbus А320 ұшақтарынан құралған. Әуекемелердің орта жасы – 6 жыл. 2022 жылға қарай парктегі әуекемелер 15-ке дейін жеткізіліп, Қазақстанның бірнеше ірі қаласына ұшырылады.

Загрузка...

Сізден жаңалық