Физик ғалымның сатиралық шығармалар жинағы шықты

6 Желтоқсан 2019, 10:51
3568
Бөлісу:
Физик ғалымның сатиралық шығармалар жинағы шықты

Алматы, BAQ.KZ. Алматыда физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент, Алтын адам жазуының шифрын ашқан ғалым, сатирик жазушы Мағрипа Жылқыбаеваның кітабы жарық көрді.

"Жалғасы бар ұтыс" деп аталатын бұл кітапқа бүкіл өмірін ғылым мен қаламгерлікке арнаған Мағрипа Шөжеғұлқызының соңғы елу жыл көлемінде жазған сатиралық туындылары топтастырылған.
Қоршаған ортамызда алуан түрлі заттар көп. Биосферадағы тіршілік иелері де сан түрлі. Сол әлемнің қойнауындағының бәрін қазіргі біз жанды және жансыз нәрселер деп, жіктеп қойдық. Техниканың бәрі жансызға жатары белгілі. Ал енді машинаның бүкіл бөлшектері бірге келіп жиналғанда сізге қызмет ететін "жанды көлікті" шығарып береді. Тереңге үңіліп, төңірекке ойлана қарасаңыз, жанды-жансыз дүниенің бәрінде де дыбысы бар, олардың айтып тұрған әңгімесі де жеткілікті. Бірақ біздегі көрер көз бен соларды еститін құлақтың күш-қуаты төмендеу. Осы кемшілікті ашық мойындап, қоршаған дүниедегінің тілін ұғуға тырысып көрелік. Сонда барып шындықты сезінесің. Сатира барда шындық батыл түрде адымдайды, - деп жазған автор кітаптың алғы сөзінде.
Кезінде Жазушылар Одағының "Найзагер" сатириктер қауымдастығының мүшесі болған ғалым қаламгердің заман шындығын өткір де көркем тілмен бейнелеген сықақ әңгімелері, уытты қалжың, мағынасы терең мысалдары білім көкжиегіңді кеңейте түседі. Кітап "Сайтанның сақалы", "Бәріңнің айтқаныңа қосыламын", "Шолақ мылтық" деген үш бөлімнен тұрады.
Бұл кітапқа енген сатира жайбарақат үстел басында отырып жазылған емес, ұшақтың қанатында, көліктің қомында, пойыздың вагонында, күре жолдың бойында, жауын-шашын астында дүниеге келген шығармалар. Сондықтан да уақыт кезеңіне қарай тақырыптар да алуан түрлі, - дейді автор.

Өзгелердің жаңалығы