Табиғат қорғау полицейлері балықты заңсыз аулағандарды ұстады

16 Мамыр 2020, 14:45
1865
Бөлісу:
Табиғат қорғау полицейлері балықты заңсыз аулағандарды ұстады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қапшағай тұрғынының 85 килограмнан астам сазанды тыйым салынған әдіспен ауғаны анықталды, деп хабарлады Polisia.kz. 

Заңсыз балық аулаған күдіктіні табиғат қорғау полицейлері ұстады. 

Тәртіп сақшылары балық инспекциясының қызметкерлерімен бірлесіп, Алматы облысы аумағында арнайы шараларды тұрақты жүргізеді. Осындай шаралар барысында құқық бұзуға бейім тұлғалардың табиғат қорғау заңнамасының талаптарын өрескел бұзу деректері әшкереленеді және қолданыстағы заңға сәйкес қатаң жазаланады. 

Іле өзенінің арнасын кезекті рет бақылау кезінде “Қапшағай-Қазақстан” автожолының 19-шақырымында Қапшағай қаласының 1991 жылы туған тұрғыны ұсталды. Полицейлер оның автокөлігінен жалпы салмағы 85,5 кг болатын сазан балығын тауып, заңсыз ауланған тауарды тәркіледі. Сонымен қатар, күдіктінің көлігінен резеңке қайық пен еліміздің заңнамасында қолданылуы қатаң тыйым салынған балық аулауға пайдаланылған электр тоғының құралдары табылды, - делінген ведомство хабарламасында. 

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Мемлекетке 300 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірілгені анықталды.

Өзгелердің жаңалығы