Бас жаңалықтар
Қазақстанның екі фильмі үздік атанды
21 Қаңтар 2019, 18:15 1536

Қазақстанның екі фильмі үздік атанды

Астана, BAQ.KZ. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Адигул продакшнмен» бірлесе түсірген «Біздің қаланың ханзадасы» фильмі «Бадал Рахман атындағы үздік балалар фильмі» призін жеңіп алды. 

Фестиваль 2019 жылғы қаңтардың 9 мен 18 аралығында Дакка(Бангладеш) қаласында өткен. 

«Адамдар арасындағы бөлтірік», «Қызғыш құс», «Махаббат станциясы» атты фильмдерімен халыққа танылған Талғат Теменовтың бұл туындысы – балалар үйінің тәрбиеленушісі және қарттар үйінде өмір сүретін қария туралы.  

- Мен үшін бұл күтпеген жаңалық болды. Менің досым, танымал сербиялық өнертанушы, аталған кинофестивальде болған екен. Сол кісі қоңырау шалып, біздің фильмнің үздік балалар фильмі аталғаны туралы айтты. Бұл жеңісімізге өте қуаныштымын. Бұл – «Кішкентай ханзаданың» үлкен жеңісі», - деді картина режиссері. 

Естеріңізге сала кетейік, фильмде басты рөлді сомдаған актер Төлеубек Аралбай 2018 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер арасында өткізілген кинофестивальдің «Ер адам ролін үздік сомдағаны үшін» аталымын жеңіп алған-ды. Сонымен қатар, картина II халықаралық «Еуразиялық көпір» атты кинофестиваліне негізгі конкурсына қатысқан.  

Айта кетелік, «Шыңырау» фильмі де Даккадағы кинофестивальде жүлдемен марапатталды. Фильмнің операторы Ривқат Ибрагимовтың жұмысын азия фильмдері конкурсында үздік деп таныды. Фильмнің режиссері – Жәнібек Жетіруов. Даккадағы халықаралық кинофестиваль 1992 жылдан бастап өткізіледі. Кинофорум Бангладешдегі беделді кинофестиваль саналады. Кинофестивальдің ұйымдастыру жұмыстарын Rainbow Film Society клубы жасайды. Фестивальдің негізгі мақсаты – Бангладеш көрерменін әлемнің мейнстрим фильмдерімен таныстыру және отандық кинематографиясын дамыту.

«Дакка фестиваліне көрші мемлекеттерден келген сарапшылар "Шыңырауға" қатты қызығушылық танытып, өз фестивальдеріне шакырды. Фильмнің фестивальдік тағдыры енді басталғалы тұр. Алатын биігі де алда деп ойлаймын. Қазірдің өзінде екі фестиваль өз анкеталарын жіберіп оларға жауап жазып жібердік», - деді Жәнібек Жетіруов.

Биыл Даккадағы кинофестиваль 72 елдің қатысушыларының басын қосты. 220 кинолента көрсетілді.  

Фестивальде «Азия киносы», «Ретроспектива», «Бангладеш панорамасы», «Әлем киносы», «Балалар фильмдері», «Қысқаметражды және тәуелсіз фильмдер», «Әйел кинематографистер» және «Рухани фильмдер» секциялары жұмыс істеді. 


«Біздің қаланың ханзадасы» - бұл Бибол есімді ерекше бала мен музыкант Қасымхан есімді қария туралы әсерлі оқиға. Фильмнің негізгі желісі - бала мен қарттың кездейсоқ кездесуі болып табылады.

Бұл фильмдегі драматизм бір-біріне мүлде бөтен бас кейіпкерлердің соңында етене жақын болып кетулері. Фильм – адамның адамгершілік қасиеттерінің арқасында ғана шын бақытқа жетуге болатынын көрсетеді.

Сізден жаңалық