Бас жаңалықтар
ҚР Кәсіподақтар федерациясы: Елбасы шешімін зор өкінішпен қабылдаймыз
20 Наурыз 2019, 10:17 533

ҚР Кәсіподақтар федерациясы: Елбасы шешімін зор өкінішпен қабылдаймыз

Астана, BAQ.KZ. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Президенті өкілеттігін тоқтату туралы шешіміне байланысты Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы үндеу жариялады.  

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Елбасымыздың Қазақстан Республикасы Президенті өкілеттігін тоқтату туралы шешімін зор өкінішпен қабылдады.

Соңғы үш онжылдықта біз Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен талай шарықтаулар мен құлдырауларды бастан кешірдік, қиын кезеңдерге «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бірге төтеп бердік және елеулі де мерейлі жеңістеріміздің куәсі болдық. Мықты да, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына деген нық сенім мен ортақтастық сезімі сенімді серігіміз болды. Біз өз бағдарымыздан ешқашан бас тартпадық, себебі, Ұлт Көшбасшысына, оның даналығына сеніміміз мол болды.

Ауқымды өзгерістер мен оқиғаларға бастамашылық еткен бірқатар көшбасшының тарихта орны бар. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің ядролық қарудан өз еркімен бас тарта алатынын дүниежүзіне тұңғыш рет көрсетті.

Біздің тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті стратегия мен экономикалық бағдарламаларды негізге ала отырып, ең ауқымды империяның құрамынан шығып, табысты мемлекет құруға болатынын дәлелдеді.

Тұңғыш Елбасының көрегендігінің арқасында біз әлем бойынша Орталық Азия қауіпсіздігінің кепілі болдық.

Арқа төсінде іргесін қалаған елордамыз ыңғайлылық пен әлеуметтік қауіпсіздік жағынан дүниежүзі бойынша үздік қалалармен бәсекеге түсе алады.

Ол тұңғыш рет мемлекеттің қалыптасуында әр азаматтың қосқан үлесін бағалады және оның даналығына сенім білдірген дүниежүзінің миллиондаған қазақтары өздерінің туған Отанына қайтып оралды.

Біздің ортақ үйімізде адамдар ұлты немесе ұстанған діні бойынша қандай да бір араздыққа барған жоқ. Біз болашаққа нық сеніммен қарай білдік.

Қазақстанның еңбек адамдары Елбасының қамқорлығы мен құрметін, өз сөзіне деген беріктігі мен өз халқына деген махаббатын әрқашан сезіне білді.

Тағылымды тарих Нұрсұлтан Назарбаевтың ел игілігіне сіңірген еңбегіне әлі де өз бағасын бере жатар. Ал, бүгін біз Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 2 миллионнан астам мүшесінің атынан «Сізге мың алғыс, біздің Елбасы!», – дегіміз келеді.

 Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы

Естеріңізге сала кетейік, кеше Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігінен бас тартатыны туралы мәлімдеме жасап, орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты қойған болатын.

Загрузка...

Сізден жаңалық