Бас жаңалықтар
Еуропа Кеңесі Қазақстандағы реформаларды жоғары бағалайды
20 Қаңтар 2021, 07:46 164

Еуропа Кеңесі Қазақстандағы реформаларды жоғары бағалайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еуропа Кеңесінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобының (ГРЕКО) Атқарушы хатшысы Ханна Юнкер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында көтерген бастамалары мен кешенді реформаларын құптады.

Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстандық дипломаттармен кездесу барысында жоғары лауазымдағы еуропалық саясаткер Мемлекет басшысының сөз сөйлеуінде көрсетілген, құқықтық мемлекетті дамыту, азаматтардың билік органдарына сенімін нығайту, сот жүйесінің тәуелсіздігі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жалғастыру жөніндегі бастамаларымен, сондай-ақ өткен парламенттік сайлаудың нәтижелерімен таныстырылды.

Х.Юнкер ҚР Президенті ұсынған адам құқықтарын қамтамасыз етуге, мемлекеттік аппарат жүйесін біртіндеп орталықсыздандыруға, оны жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған реформалар пакетін жоғары бағалап, бұл шешім қабылдау процесінің ашықтығы мен тиімділігі саласындағы ГРЕКО стандарттарына толық сәйкес келетінін атап өтті.

ГРЕКО өкілі Қазақстан Республикасының заң үстемдігін қамтамасыз ететін жоспарларының уақтылығын атап өтіп, ел басшылығына табыстар тіледі.

Тараптар сондай-ақ ГРЕКО аясындағы алдағы жұмысты және Қазақстанның Еуропа Кеңесімен ынтымақтастығын дамыту перспективаларын егжей-тегжейлі талқылап, екіжақты тиімді әріптестікті одан әрі кеңейтуге өзара бейілділікті растады.

Анықтама ретінде: ГРЕКО - 1999 жылы құрылған Еуропа Кеңесінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұйымы болып табылады. ГРЕКО 50 мемлекетті біріктіреді, оның міндеті Еуропа Кеңесінің стандарттарын сақтау мониторингі көмегімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті ұлттық деңгейде жетілдіру болып табылады. Қазақстан 2020 жылдың қаңтарынан бастап ГРЕКО мүшесі болып табылады.


Фото: дереккөз
Загрузка...