Еурокомиссия ЕО экономикасын қалпына келтіру жоспарын ұсынды

22 Мамыр 2020, 08:58
987
Бөлісу:
Еурокомиссия ЕО экономикасын қалпына келтіру жоспарын ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еурокомиссия Еуроодақ елдеріне арналған экономикалық саясат бойынша өз нұсқауларын ұсынды, деп хабарлайды "Хабар 24".

Бұл құжат індет кезіндегі экономикалық дамудың өзекті мәселелерін қозғап, өсімді қалпына келтіру жолдарын ұсынып отыр. Әлеуметтік, экологиялық және экономикалық сауалдармен қатар нұсқаулар жиынтығы денсаулық сақтау саласының тұрақты дамуы мен цифрландыру жоспарларын қамтыған. Биыл Еуроодақ экономикасы 7,7 процентке төмендейді. Коронавирус індетінен қалпына келтіру жоспары бойынша бөлінетін қаражат бір триллион еуродан асуы мүмкін.


Біз қаржылық мүмкіндіктерімізді бір триллион еуродан асатын сомаға арттыруды көздеп отырмыз. Әрине бұл тұста несиелер мен гранттарды қоса айтып отырмыз.  Еурокомиссияның дағдарыстан кейін қалпына келтіру нұсқаулары екі бағытты қамтып отыр. Шұғыл түрде коронавирус індетінің әлеуметтік және экономикалық кері әсерін жұмсартып, тұрақты өсімін қамтамасыз ету керек, - деп мәлімдеді Еурокомиссияның вице-президенті Валдис Домбровскис.


Еуропадағы жастардың жұмыссыз жүргендігіне жедел шара қолдану керек деді жұмыспен қамту сауалдары және әлеуметтік құқықтар жөнінде еурокомиссар Николя Шмит. 
Қазірдің өзінде 30 миллионнан аса адам жартылай еңбек етіп жатыр. Шұғыл шара қабылдамасақ, бұл жаппай жұмыссыздыққа ұласуы мүмкін. АҚШ-та бір ай ішінде еңбек нарығындағы жағдай күрт ушығып кетті. Еуропа бұған жол бермеуі тиіс. Біз жастар арасында жұмыссыздықпен күреске басты көңіл бөлуіміз керек. Еуроодақтың кейбір елдерінде жастардың жартысы екі қолына бір күрек таба алмай жүр, - деп алаңдаушылық білдірді Николя Шмит. 
Кәсіпорындар қызметкерлерін жұмыстан шығармай, қайта дайындау бағдарламаларын жүзеге асыру үшін 1 маусымда 100 миллиард еуро бөлінбек. Яғни Еуроодақ елдері жұмыс берушілерге жеңілдікпен несие береді. Мамыр айының соңында Еурокомиссия алдағы жеті жылға арналған ұзақ мерзімді бюджет пен Еуроодақ экономикасын қалпына келтіру бойынша өз ұсыныстарын әзірлейді. Ал маусым айында одаққа мүше елдердің үкіметтері оны талқыға салады.
Өзгелердің жаңалығы